384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь Димаш Кұдайбергеннің алғашқы жеке концертін асыға күтіп отыр

  • 123
  • UPD: 23:07, 30.11.2019

Бұл шараға әлі де біраз уақыт бар. Бірақ билеттер саудаға түскеннен-ақ әншінің жанкүйерлері тәуір орындарды сатып алып қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Концертті ұйымдастырушылардың болжауынша, жыл аяғына дейін бірде-бір билет қалмайтын түрі бар.

Кезінде Димаштың жолын ашып, жұлдызының жануына тап осы ел серпін берген еді. Әншінің өз айтуы бойынша бала кезінен «Славян базарында» ән шырқауды мақсат тұтқан екен. Димаштың осы арманы 2015 жылы орындалды. Сол кезде жас әншіміз өзге елдерден келген бақталастарының арасында топ жарып, жеңіске жетті.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Мен үшін бұл жердің орны бөлек, өйткені 4 жыл бұрын «Славян базарында» гран-при ұтып, содан өрлеу жолым басталған.

Димаштың кейін де Беларусь елімен байланысы ажыраған жоқ. «Славян базары» сайысының қазылар алқасында төрешілік етіп, биыл Минскте өткен Еуропалық ойындардың ашылу салтанатына қатысты. Дегенмен, беларусьтық жанкүйерлер сүйікті әншісінің толық концертін көргісі келген еді.

Мила Случиц, Беларусьтегі Димаш фан-клубының мүшесі:

Біз осы концертті асыға күттік, әрине, жариялағаннан кейін бірден оған билет сатып алдық. Өзіміздің чатымыз бар, онда барлық мәселені талқылаймыз.

Бүгінде Беларусьтегі Димаш фан-клубына 2 мыңдай адам мүше. Оның ішінде Гомельден Брестке дейінгі бүкіл ел аумағының тұрғындары бар. Көпшілігі Димаш өнері арқылы өздері үшін жаңа ел – Қазақстанды таныған нәзік жандылар.

Блиц 1:

Қай елге барса да, Димаш көрермендерді қазақ мәдениетімен таныстыруға тырысады. Оның арқасында Қазақстанды тани бастадым. Жаңа жыл қарсаңы қиял орындалатын кез ғой, мен келесі жылы Қазақстанға баруды армандап отырмын.

Блиц 2:

- Оның кім екенін түсіну үшін концертіне бару керек. Сонда бәрін білесіз, қауыммен қалай тілдесетінін көрсеңіз – бұл сүйіспеншілік пен өнер сиқыры.

Блиц 3:

- Концертінде қытайлар өз тілінде, ағылшындар өз тілінде Димашқа қосылып ән айтады. Осындай дүниежүзілік бауырластық бар. Грэмми болмаса да, Нобельдің бейбітшілік сыйлығын Димашқа міндетті түрде ұсыну керек.

Димаштың Беларусьтегі гастролін ұйымдастыру үшін бірнеше концерт агенттігі бәсекеге түскені белгілі. Билеттерге сұраныс жоғары болғандықтан, ұйымдастырушылар залға қосымша орындар жасақтауы мүмкін. Жалпы концерт өтетін «Минск-Арена» сахнасы 15 мың көрерменге арналған.

Авторы: Дмитрий Лукша

Хабар 24 телеарнасы