376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хамза Әбілғазиннің туғанына 100 жыл толды

  • 234
  • UPD: 15:59, 05.12.2019

Берлинді басып алып, Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған.

Қазақ телевизиясының іргесін қалап, алғашқы телебағдарламалар әзірлеген. Талай талантты журналистті тәрбиелеп, түлете білген. Хамза Әбілғазин іргелі осы істердің барлығын 60 жылдық ғұмырында жасап кетті.

Бала Хамза – елгезек әрі зерек болды. Көнбістіктен ада. Тегінде тектілік бар еді. Жата-жастана кітап оқитын. Сондықтан болар, ұстаз болуға құмартты. Алдымен Абай атындағы педагогикалық институтты тәмамдады. Кейін журналистика факультетінде білім алды. Шарболаттай шыңдалған шағында әскер қатарына шақырылып, ізін ала соғысқа аттанды. Кескілескен ұрыста ерлігімен көзге түсті. Жауды Берлинге дейін тықсырып, Рейхстаг қабырғасына қолтаңбасын қалдырды.

Зайролла Дүйсенбекұлы, Хамза Әбілғазиннің жиені, ҚР ҰҒА академигі:

- Жаңа аталған жердің барлығының штурмында ол кісі ордендермен марапатталды. Ал соның біреуін алатын болсақ, Днепрді өткенде, ол кісі қолбасшыларға берілетін Александр Невский орденімен марапатталды. Міне, осының бәріне көз тастап қарайтын болсаңыз, 5 жыл соғыс майданында барлығының алдында түгел жүріп, үлкен осындай жағдайларға жетті. Бұл ол кісінің мықтылығын, тиянақтылығын, маңайының барлығында абыройының барлығын, адамдарға деген сенімділігін көрсетеді.

Майдан даласынан елге оралып, ағартушылықпен айналысты. Қаруын тастап, қолына қалам алған Хамза Әбілғазин 1958 жылы іргесі енді қаланған Алматы студиясына басшылық етті. Алғашқылардың бірі болып қазақ телевизиясының қанатын қақтырды.

Зайролла Дүйсенбекұлы, Хамза Әбілғазиннің жиені, ҚР ҰҒА академигі:

Қазақстанда бірінші рет телевидение ашылды ғой. Соны ашты, соның бірінші директоры болды. Сіз енді өзіңіз ойлаңыз, бастапқы 2-3 жылдың ішінде оны қалыптастыру керек. Оған маман дайындау керек. Оны жүргізу керек. Міне, күні-түні соның басында болды.

Хамза Әбілзағин – қазақ дубляжының қалыптасыуына да сүбелі үлес қосқан арда азамат. Қажырлы еңбек еткен қайраткер 100-ден астам фильмді қазақша сөйлетті. Көзі қарақты көрерменге бірнеше бағдарлама ұсынды. Қызметте абыройлы болған ол ұл-қызына да үлгі бола білді. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.

Ғайни Әбілғазина, қызы:

- Әкем өте ақылды әрі ақкөңіл болатын. Үлкен-кішіден қашан да көмегін аямайтын. Үйден ертелі-кеш қонақ үзілмейтін. Күндіз жұмыста болса, түнімен фильмдерді орыс тілінен қазақ тіліне аударумен айналысатын. Ешқашан бір жерде отырмайтын. Қолы қалт еткенде спортпен айналысатын. Ол керемет әке ғана емес, немерелерінен қамқорлығын аямайтын мейірбан ата болды.

Хамза Әбілғазиннің туғанына – 100 жыл. Тарпаң тағдырдың талай тауқыметін тартса да, сағы сынып, салын суға кетірмеген. 61 жасқа қараған шағында өмірден өткен ол ақтық демі қалғанша қазаққа қарайласумен болды. Ұлтын сүйген ұлды елі де еш уақытта ұмытпақ емес.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы