377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театрында Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті

  • 339
  • UPD: 23:41, 13.12.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Астана Опера» опера және балет театрында өткен ел тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған мерекелік  концертті тамашалады, деп хабарлайды «Хабар 24»

«Тәуелсіздікке тағзым» деген тақырыппен өткен шара өнер майталмандарының қатысуымен өтті. Бағдарламада классикалық өнер туындылары орындалып, опера әншілері әлемге танымал музыкалық шығармалардан ариялар орындады. Сонымен қатар, салтанатты шарада еліміздің танымал артистері, симфониялық оркестр мен хореографиялық труппалар да өз өнерлерін ортаға салды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандардың алдында сөз алып, барша қазақстандықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. 

Нұрсұлтан Назарбаев,   Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Ханымдар мен мырзалар! Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз – талай сынақтарды бастан өткерген халықпыз. Дегенмен, басына бақ дарыған елміз, қайсар бабалардың ұрпағымыз. Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендегені жер жүзіне мәлім. Біз – ата-бабамыз аманат еткен Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасы, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан дархан даланың заңды мұрагеріміз. Қазақтың байтақ жері – бабадан қалған ең асыл қазына. Бұл – қазақ жері. Атадан балаға мирас болған кең даланы сақтап қалу  оңайға тиген жоқ. Баһадүр халқымыз небір жаугершілік замандарда еркіндік үшін қылыш сермеп, бодан болған қиын кезеңдерде бостандықты аңсап өткені жасырын емес. Кешегі Алаш арыстарының да игі мұраты –  егемендік еді. Біз ата-бабаның асыл арманын орындап, осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіздіктің іргесін бірге қаладық. Әлем қартасында Қазақстан деген дербес республика, азат ел пайда болды. Ол күндер оңайға соққан жоқ. Тәуелсіздіктің қиындықтардан басталуы бізді үлкен жауапкершілікке жетеледі. Зауыттар тоқтап, тіршілік тұралап қалғаны ел есінде. Сол ауыртпалықтарды бірлік пен татулықтың арқасында еңсердік, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық. Біз елдігімізді баянды етіп қана қоймай, Қазақстанды әлем мойындаған  мемлекетке айналдыра білдік. Ұлтымыздың сағын сындырып, бағын тайдырған күрделі кезеңдер артта қалып, еліміздің жаңа тарихы – мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Тәуелсіздік – біздің жолымыздың бастауы ғана. 28 жылда толағай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеміз. Көздеген түпкі мақсатымыз – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіру. Жасалып жатқан игі жұмыстардың бәрі келер ұрпақ үшін екенін мен әрдайым айтып келемін. Бабадан қалған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету ендігі кезекте жастарға аманат!

Хабар 24 телеарнасы