429,96 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жыл қандай мәдени жаңалықтарымен айшықты

  • 801
  • UPD: 12:44, 30.12.2019

«Junior Eurovision», «Славян базары». Бұл қазақстандықтар бағындырған көп байқаудың басы ғана, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ержан Максим, Димаш Құдайберген, Әділхан Макиндер қазақтың үнін әлемге танытты. Музыкада тіл жоқ. Ал жүрекке жеткен әуен көңілді елітері хақ.

Мәдениет – адамзаттың айнасы. Еліміздің жаһандағы беделі мәдениетіміздің кемелдігімен айшықталады. Дала сазы мен бабалардан қалған табиғат үйлесім тапқан қазақтың болмысы қашан да дараланып тұрады. Сондықтан да әлем халқы Димаштың үніне тамсанады. Онымен бірге қазақша ән салады.

Биыл Димаш Құдайберген әлемнің үздік әншілерінің үштігіне енді. Жас дарын таяуда ғана Нью-Йорктегі Barclays аренада жеке концертін өткізді. Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен киелі сахнада ұсынылған бірегей шоуды 54 мемлекет пен АҚШ-тың 41 штатынан келген жанкүйерлер тамашалады. Еліміздің мақтанышы домбыра үнін күмбірлетіп, ұлттық музыканы әуелетті.

Димаш Құдайберген, әнші:

– Арманым орындалған күн.

«Junior Eurovision» байқауында екінші орын алып, көрермен көзайымына айналған Ержан Максим. Ол бұл байқауда қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының намысын қорғады. «Арманыңнан қалма» деп ән салған өреннің өнері көпшілікке шабыт бергені хақ. Расында да, арманның мақсатқа айналып, еңбекпен сабақтасуы нәтиже береді.

Қос жұлдыздың жарқыраған сәтін көпшілік «Хабар» арнасынан тамашалады. Агенттік мәдениет және спорт министрлігімен бірге жас дарындарды әрқашан қолдап келеді. Айтпақшы, биыл ведомство басшысы болып Ақтоты Райымқұлова тағайындалды. Жыл көлемінде салада тыңбай еңбек еткендер «Мәдениет саласының үздігі», «Сахнагер», «Дарын» сынды марапатқа ие болды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Қазақтың төл өнері айтыс та халық жанын жұбата береді. Биыл «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында Рүстем Қайыртайұлының бағы жанды. Тарихтан сыр шертетін «Томирис» фильмін де ұмытуға болмас. Бұл – биылғы жетістіктер. Ал келесі жылы ТҮРКСОЙ шеңберінде Абайдың 175 жылдығы тойланатын болады. Айтпақшы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы – 35-50 процентке көтеріледі.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы