429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарқаралыдағы Абай тоқтаған көк үйдің бір бөлмесі мұражай болады

  • 593
  • UPD: 22:31, 09.01.2020

Қарқаралыдағы Абай тоқтаған көк үйде мұражай ашылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ғимараттың оң қанатындағы қонақ бөлмеде Құнанбай қажы мен баласы Абай бірнеше мәрте мейман болған деседі. Қазір мұнда өлең-жырға әуес ақынжанды жастар жиі бас қосады.

Тарихи ғимаратты көруге аракідік туристер де келіп-кетіп тұрады. Енді ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл бөлме мұражайға айналмақ. Жалпы көк шатырлы көне үй татар көпесі Халиолла Бекметовке тиесілі. Оны әкесі Хамит Қоянды жәрмеңкесіне Қазаннан тауар тасып жүргенде ұлына арнап салғызыпты. Халиолла 4 әйел алған, оның бірі қазақ және Тобықты руынан. Құнанбайдың баласымен дәл осы үйге тоқтауының бір сыры осында, дейді тарихшылар. Осыдан екі ғасыр бұрын бірде-бір шегесіз ағаштан өріліп салынған ғимараттың біраз бөлігі байларды кәмпескелеу кезінде өртеніп кеткен. Бірақ кейін қайтадан қалпына келтіріледі. Үйдің жертөлесінде шаруашылық бөлмелері орналасқан. Әр бөлмесінде әлі күнге ерекше әсемделген голландық пештер тұр. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік қорғауға өткен соң, ғимаратта түрлі мекеме ұжымдары отырды. Ал қазір аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан.

Дана Әлиева, Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы:

– Тек қана бір-ақ рет келмеген. Әкесі аға сұлтан болып жүргенде үнемі келген. Ал Әуезовтің «Абай жолы» романында осы үй жақсы суреттеледі. Абай Қарқаралыға нағашы жұртына келгенде, татардың көктөбелі үйіне түскен деп жазылған. Жастардың Абайды қалай қарсы алғаны, ойын-сауығы барлығы жазылады. Сонда Абайдың жастық дәурен кезеңі де осы үймен тығыз байланысты.

Хабар 24 телеарнасы