375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлы Абайдың жиеншары еліміздің астанасында тұрады

  • 77
  • UPD: 23:45, 16.01.2020

Абайдың ұлы Ақылбайдан тараған жиеншары Ләйла Баймағамбетова елордада тұрады. Ақынның сол ұрпағымен біздің тілшілеріміз кездесіп қайтты. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бейнематериалдар желісінің бірі осы Ләйла Мұхлесқызына арналады.

Лəйлə Мұхлесқызы Абайдың жиеншары. Ол 1950 жылы 7 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын шәкірт тәрбилеуден бастап, оқу-ағарту саласында ұзақ жыл қызмет етеді. Кейін атасының мол мұрасын насихаттауға өз үлесін қосып, 15 жыл бойы Семейдегі Абай музейінде ғылыми қызметкер болып істейді. 10 жылдан бері Нұр-Сұлтан тұрады.

Ләйлә Баймағамбетова, Абай Құнанбаевтың ұрпағы:

- Біз Абайдың үлкен баласынан тараймыз. Абайдың 10 баласы болған. Оның үлкені, тұңғышы Ақылбай. Ақылбайдан атамыз Әлімқұл. Әлімқұлдан шешеміз Қауаш деген. Ол 1910 жылы туған 1988 жылы дүниеден өтті. Әке жағынан мен ертекші Баймағамбеттің шөбересімін.

Ертекші Баймағамбет «Абай жолы» романынының көрнекті кейіпкерлерінің бірі.  Шығармада ол Абайдың сенімді серігі ретінде суреттеледі. Абай «Баймағамбетке» деп, оның әйелінің атынан әзіл өлең де шығарған. Ал Мұхтар Әуезов Баймағамбетті өз көзімен көріп, Абай туралы естеліктерін тыңдаған. Ақылбайдың қызы Қауаш осы Баймағамбеттің немересі Мұхлеске тұрмысқа шыққан.

Ләйлә Баймағамбетова, Абай Құнанбаевтың ұрпағы:

- Нағашы атамызды айтсақ ол Ақылбай. Ол өте дарынды болған. Ақылбай Абайдың тұңғыш баласы. 1861 жылы туған. Ол өте дарынды болған. Музыкант, домбырашы,суырып-салма ақын. Оның үлкен поэмалары болған: «Кәрі-Жүсіп», «Зұлыс», «Жаррах батыр». Қаншама өлеңдер шығарған. Өте таланттты болған.

Ләйла апайдың анасы Қауаш көзі тірісінде білген түйгенімен бөлісіп, көптеген естеліктер қалдырған. Кездесу барысында Ләйлә Мұхлесқызы сол естеліктердің біріне тоқталды. 

Ләйлә Баймағамбетова, Абай Құнанбаевтың ұрпағы:

- Мында анам интервью беріп жатыр. Мұнда анам атақты абайтанушы Қайым Мұхамедхановпен отыр. Анамды музей күндері жиі шақырды. Үлкен әжемізді көрген анам былай айтады: Ділдә ұзын бойлы, ақ сары, толықша келген, қаршыға көз өте сабырлы деп жазған. Әйгерімді де көрген.  Қызыл шырайлы, әдемі, дауысы жіңішке болған деген естеліктер қалдырған. 

Абайдың Ділдадан алты, Әйгерімнен төрт баласы болған. Бірақ уақыт өте келе ақынның ұрпағының қатары сиреп келеді. Бүгінгі таңда Абайдың ұлы Ақылбайдан тараған жалғыз тұяқ қалды. Ол Бағфур Әлімқұлұлының немересі Данияр Айдарұлы. Абайдың ұрпағы қазір Даниярмен тоқтап тұр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы