425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Сирияда

  • 739
  • UPD: 23:27, 17.01.2020

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы тоғыз жылдан бері соғыс оты өршіп тұрған Сирияда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстаннан Дамаскіге барған делегация әуелі ежелгі Отырар қаласынан шыққан ұлы ойшыл Әбу-Насыр Әл-Фараби кесенесін зиярат етіп, шаһар мэрімен және Сирияның Қазақстандағы құрметті консулымен кездесті. Әл-Фарабидің мәдени-тарихи орталығының жай-күйімен етене танысты.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бұл жер әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ойшыл Әбу насыр Әл-Фарабидің мәңгілік мекені. Сырдария бойындағы ежелгі Отырар қаласынан шыққан бабамыз өз заманында мәдени орталық саналатын Хорасан, Алеппо, Бағдад шаһарларында білімін жетілдіріп, өмірінің соңғы жылдарын Дамаскіде өткізді. 2007 жылы Қазақстан тарабы ұлы ойшылды ұлықтау мақсатында Дамаскідегі Әл-Фарабидің қабіріне мәдени тарихи орталықтың құрылысын бастады. 2011 жылы аяқтаған. Алайда, Сириядағы тұрақсыздыққа байланысты нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- 2020 жыл мынау азаматтық соғыс аяқталып жатыр. Енді амандық болса, биыл бұл мемориаллды кешен ашылуға тиісті. Биыл біздің Қазақстанымыз осы ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл толғанын тойламақ. Оған үлкен ғылыми конференциялар өтеді, кездесулер өтеді. Енді күтіп отырмыз, сондай бір өзгерістер болуы керек. Сонда біздің Қазақстанның жастары, адамдары келіп, бабаларының басына құран оқып, кетуіне болады.

Жалпы ауданы 5200 шаршы метр болатын орталық бүгінге дейін не Сирияның не Қазақстанның меншігіне берілмеген. Сондықтан көпшіліктің келіп, зиярат етуі әзірге мүмкін болмай тұр.

Сулейман Зайдеһ, Әл-Фараби атындағы мәдени тарихи орталықтың меңгерушісі:

- Кешенді күзетіп отырғанымызға 10 жылдай болды. Ешқандай мемлекеттің меншігінде болмағандықтан, орталық ресми түрде ашылған жоқ және бүгінге дейін мұнда ешқандай жөндеу жүргізілмеді. Сондықтан екі елдің үкіметі бір мәмілеге келіп, салынған ғимаратқа қатысты заңды шешім шығарса екен деген ниеттеміз. Себебі, ұлы ойшылға арналған орталыққа келіп, оның өмірі мен шығармашылығына қызығушылық білдіретіндер көп.

Сапар барысында экспедиция мүшелері Дамаск губернаторы Әдел Әл Олабидің қабылдауында болып, Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс қоры атынан төсбелгі сыйлады. Қазақ даласынан шыққан екі алып тұлғаның әлем тарихы мен мәдениетіне қосқан үлесі туралы сөз қозғады. Тарихи тамырластық екі елдің болашақтағы қарым-қатынасын одан әрі бекемдеуге үлкен себеп екенін атап өтті.

Әдел Әл-Олаби, Дамаск қаласының губернаторы:

Әл-Фарабидің ғылыми шығармаларын Сирия жұрты жоғары бағалайды. Сондықтан Дамаск қана емес, елдің басқа да өңірлерінде Әл-Фараби есіміне бірнеше мектеп пен көшенің атауы берілген. Бұл әрине, екі елдің бағзы заманнан бері жақын байланыста болғанын дәлелдейді. Қазірдің өзінде Қазақстан Сирияда тұрақтылық орнату мақсатында Нұр-Сұлтан қаласын бейтарап алаң ретінде ұсынып, қақтығыстарды тоқтатуға үлкен үлесін қосты.

Дамаскіде Әл-Фараби орталығы салынғалы жергілікті тұрғындар арасында ұлы ойшылмен қатар Қазақстанға деген қызығушылық артқан. Көпшілік ұлы тұлғаның туған жері мен шыққан тегі жайлы біле бастады. Сондықтан ортақ тарих екі елдің арасындағы барыс-келісті арттыратынына сенім мол.

Сахиб Әл-Нахас, Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті консулы:

- Қазақстан Әл-Фарабидің қабіріне кесене салынғаннан кейін жергілікті халық арасында ұлы тұлғаға деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Сондай-ақ Әл-Фарабидің өмірбаянымен танысқан көпшілік Қазақстан туралы да көп мағлұмат алды. Тәуелсіздік алғалы оның қалай дамығаны, тұрмыс тршілігі және әлемдік саясаттағы беделімен тереңірек танысты деп сеніммен айта аламын. Бұған дейін ғалымдар болмаса, қарапайым жұрт Әл-Фарабидің жерленген жері және қай елден екені туралы біле бермейтін.

Жергілікті тарихшылардың айтуынша, Әл Фарабидің бейітіне жақын маңда соңғы пайғамбар Мұхаммед саллаллаһу ғалейһумсаламның екі әйелі мен немересі де жерленген. Яғни. бұл ұлы бабамыздың өз замамында-ақ ұлықталып, аса құрметке ие болғанын тағы бір дәлелдеп тұрғандай.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы