375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда Сәбит Досановтың мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

  • 239
  • UPD: 23:48, 20.01.2020

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Сәбит Досанов биыл 80 жаста.

Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерейтой иесінің шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаламгердің шығармашылық кеші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Сондай-ақ мерейтой иесіне алыс-жақын елдердің мемлекет басшылары да өз лебіздерін жолдапты. Ал, Қырғызстан, Өзбекстан, Франция және Түркия елдерінен арнайы делегация келді. «Сәбит Досанов – халықаралық деңгейдегі рухани көпір», - дейді қонақтар.

Эльхан Зал Қарахан, жазушы, ақын (Әзірбайжан):

- Мен Сәбит Досановың екі шығармасын Әзірбайжан тіліне аудардым. 1000 тиражбен жарық көрген шығармалар лезде тарап кетті. Себебі, оның шығармалары арқылы, қазақ халқының болмысын, жан дүниесін, толғанысын, мәдениеті мен дәстүрін айқын көруге болады. Сондай-ақ ол өткен мен қазіргі кезеңді ұтымды үйлестіре білетін жазушы.

Торғай жерінде дүниеге келген жазушының қаламалды туындысы небәрі 8-ақ жасында жарық көрген. «Тіпті бала Сәбиттің  шығармасы 20 жылдай мектеп бағдарламасынан түспей келді», - дейді замандастары. Қазақ әдебиетіне «Қыран қалғымайды», «Тұйық», «Ақ  Аруана» сынды романдар мен әңгімелерді тарту еткен жазушының шығармалары театрларда сахналанып келеді. «Қоғамдағы өзекті тақырыптарды шығармашылығына арқау еткен жазушынының жазу мәнері де ерекше», - дейді әріптестері.

Софы Сматаев, жазушы, драматург:

Ерекшелігі оның әмбебаптығында. Ол әрі прозаик, әрі драмашы, драматург, әрі ақын. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында жазады, оның ерекшелігі осы. Бірақ оның негізгі жанры проза. Прозадан ол ешкімнен қалып көрген жоқ, ешкімге өзінің бәйгесін беріп көрген жоқ, сондықтан да, оның прозасы анау екі жанрдан гөрі салмақты да, ауқымды, құдыретті.

Бүгінде Сәбит Досанов шығармалары 40 томға жетіп қалыпты. «Дей алмаймын дара туған данамын, ел алдында аласамын, баламын» деп отырған қаламгер әлі де жазарым бар», - дейді.

Сәбит Досанов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

Мен «XX ғасыр» деген эпопея жаздым. Сол үшін мемлекеттік сыйлық алдым. Онда 120 жылдың тарихын жазып бердім. Ендігі менің арманымXXI ғасырда эпопея жазбаппын. Оны әлі бастаған жоқпын. Осы той өткеннен кейін, Құдай қаласа, Сол эпопеяға кірісемін.

Шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған жазушының дәл осындай мерейтойы, ТМД елдерінің бірқатар елінде атап өту жоспарланған.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы