419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысының жастары Абайды насихаттаудың ерекше жолын тапты

  • 710
  • UPD: 22:15, 25.01.2020

Түркістан облысы Төлеби ауданының ерікті жастары Абай мұрасын насихаттаудың ерекше жолын тапты. Белсенді жастар ұлы ақынның шығармаларын туристер мен зияратшылар көп жиналатын киелі орындарда дәріптеуді қолға алды.

Ауданда «Қазақстанның киелі жерлер картасына» енген 9 нысан бар. Соның бірі «Ғайып ерен, қырық шілден». Жергілікті жұрт «Шілтері әулие» атап кеткен бұл киелі мекенге жылына мыңдаған турист пен зияратышы барып, тәу етеді.

«Ғайып ерен, қырық шілден» киелі орны жайында айтылатын аңыз да, әфсана да көп. Жергілікті халық оны «Шілтері әулие» дейді. Алайда оның қай заман, қай дәуірде өткенін ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ бір құдіреттің барына сенген халық осы жерді қасиетті санайды. Мұнда жылына мыңдаған саяхатшы мен зияратшы келеді. Жылдың төрт мезгілінде де адам қарасы үзілмейді. Ерікті жастар зияратшылардың алдынан шығып, күтіп алды.

- Ниет қабыл болсын! Енді бұл алдымыздан шығып тұрған жастар кім болды екен деп тұрған шығарсыздар? Биыл енді қандай жыл екенін барлық бағдарламалардан да айтып жатыр. Өздеріңізде білетін шығарсыздар?

- Еріктілер жылы.

- Өте дұрыс айтасыздар. Биыл еріктілер жылы. Алдарыңызда тұрған осы Төлеби ауданының жастары, яғни еріктілер. Бұл кісілер қандай іс-шара болмасын сол іс-шараның басы-қасында жүреді.

Жастар бірден саяхатшылар мен зияратышлардан Ұлы Абай туралы сұрап, ақынның шығармаларынан үзінді оқып берді. Ақыл-ойдың алыбы жайында сахналық көрініс ұсынды.

- Қазақтың мақалының іске татырлығы да бар. Іске татымақ түгілі не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтыны да бар.

Табиғат аясында еліміздің әр түкпірінен келіп, киелі жерлерді аралап жүрген қонақтармен бірге Абайдың әндерін шырқап, мұрасын насихаттады.

Бейсекүл Омарқызы, Жамбыл облысының тұрғыны:

- Мына жастардың бүгінгі Абайдың 175 жылдығына арнап, айтқан өлеңдері, жан-жақтан келген туристерге үлкен әсер береді деп ойлаймын. Абайдың 175 жылдығын насихаттап, өлеңдерін айтып, сахналық қойылымдар көрсетіп жатқаны үлкен әсері бар деп айтамын.

Тұрғынбек Манапұлы – Төлеби ауданының тұрғыны. Үйіне келген меймандары «Ғайып ерен, қырық шілтен» әулиенің орнын көрсет деп қолқа салыпты. Ел ағасы киелі жерде белсенді жастармен кездесіп, игі істің куәсі болғанына қуанышты. 

Тұрғынбек Манапұлы, Төлеби ауданының тұрғыны:

- Осы мынау келген жекжаттардың бәрі де риза болып, не деген жер бұл деп жатыр. Мына жастардың келіп, киімдерің өзі де әсер етіп жатыр. Волонтерлер дейді екен ғой еріктілер. Бұл өзі дұрыс нәрсе екен. Кем-тар, жағдайы жоқ сондай азаматтарға ерікті түрде барып, көмектесіп, жәрдемдесіп, солардың көңілінен шыққан тірлік жасап жүргенге ұқсайды. 

Төлебилік жастар Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақынның мұрасын насихаттау үшін көп ойланғандарын айтады. «Қай жерде? Қандай ортада? Қандай дәрежеде? Кімге насихаттаймыз» деп әбден бас қатырған. Ойлана келе туристер мен саяхатшылар көп жиналатын киелі жерлерді таңдапты.

Тимур Тастанов, аудандық мәдениет үйінің әдіскері:

- Біз жұртты елең еткізіп, өзімізге тарту үшін біз ең алдымен Абайдың образын ойладық. Яғни жас Абай. Жас Абай кезінде не айтқысы келді? Жұртқа нені жеткізгісі келді? Сол себепті біз бүгін Абайдың образын салып, Абайдың қара сөздерін, оның өлеңдерін жастар болып жұртқа кеңінен насихаттайық деген ойымыз болды.

Төле би ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы өңірге 30 мыңнан астам турист келген. Ал саяхатшылар мен зияратшыларға қолайлы болу үшін «Рухани жаңғыру» бағдаралмасы аясында «Шілтері әулиенің» басына 150 адамға арналған қонақ үй де салынған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы