424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Болгарияда Абай атындағы мәдени-ағарту орталығы ашылады

  • 643
  • UPD: 13:02, 31.01.2020
Болгарияда Абай атындағы мәдени-ағарту орталығы ашылады

Бұл жерде кез келген адам ұлы ақынымыздың туындыларын оқумен қатар Қазақстан мәдениетімен де таныса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абайдың 175 жылдық мерейтойына София қаласының ұлттық кітапханасы да дайындалып жатыр. Мұнда кемеңгер ақынымызға арналған жеке экспозиция ұйымдастырылады.

Жұбайының қызметіне байланысты Гүлнар Әлімханова 5 жыл Болгария астанасында тұрып жатыр. Туған жерін сағынғандықтан, туыстарына жиі телефонмен хабарласып, фотосуреттерін қарайтын. Ал енді осы сағынышын басатын тағы да бір орын пайда болды. София кітапханасында Абайға арналған экспозиция ашылды.

Гүлнар Әлімханова, София тұрғыны:

- Софияның қақ ортасында осындай бұрыш пайда болғанына өте қуандық. Кітапханаға келіп, қазақ әдебиетін оқып, Отаныңды еске алуға болады. Бұл керемет қой.

Бүгінде кітапханада Абай қаламынан шыққан және ұлы ақынымыздың өмір жолы туралы 120-дан аса кітап бар. Экспонаттардың басым бөлігін Болгариядағы елшілік бөлсе, кейбір басылымдарды жеке коллекционерлер сыйға тартты. Арасында болгар тіліне аударылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы үлкен сұранысқа ие.

Наталья Пискова, София кітапханасының қоғамдық байланыстар жөнінде сарапшысы:

Басқа кітаптарды да жиі сұрайды. Жергілікті оқырмандар Абайдың Қара сөздерін алады. Бұл кітап 2008 жылы болгар тілінде шыққан.

София кітапханасында Абай туындыларына жеке экспозиция бөлінді. Ал Қазақстан мәдениетін терең зерттеп, ақын туындыларын қазақ тілінде оқығысы келетіндерге София университеті осындай мүмкіндік беретін болды. Жақын арада бұл оқу орнында Қазақстанның мәдени орталығы өз жұмысын бастайды.

Иван Кралов, София техникалық университетінің ректоры:

Қазақ университеті ғылыми кеңесінің шешімі бойынша бұл мәдени-ағарту орталығына Абай Құнайбайұлының есімі беріледі. Сәуір айында Қазақ университетінен әріптестеріміз келіп, ұлы Абай мерейтойына арналған салтанатты шаралар өткіземіз.

Бүгінде бұл орталыққа 60-тан аса адам келіп жүр. Олардың арасында Қазақстан дәстүрімен танысқысы келетін студенттер мен оқытушылар бар. Ауқымын кеңейту мақсатымен орталықта шығармашылық кештер мен қазақ жазушыларымен кездесулер өткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Наталья Абильдина, Борис Димитров

Хабар 24 телеарнасы