405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанда ресми түрде Абай жылы басталды

  • 650
  • UPD: 22:22, 31.01.2020

Баку мемлекеттік университетінде өткен салтанаттты шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия мен Қырғызстан делегациялары және Халықыралық түркі академиясы мен ТҮРКІСОЙ басшылығы қатысты. Биыл бүкіл ел аумағында ұлы ақынның 175 жылдығына арналған конференциялар мен әдеби кештер өткізу көзделіп отыр.

Абайдың 175 жылдығын тойлау шарасы Қазақ мәдени орталығында бастау алды. Ұлы ақынның есімімен аталған бұл орталық Баку мемлекеттік университеті жанында 9 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Мұнда қазақ ақындары мен жазушыларының шығармашылығына арналған конференциялар мен кештер үнемі өткізіліп тұрады. 

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Әрбір жылды ұлы түркі данышпандары, ақындары мен жазушыларының біріне арнаймыз. Бүгін Әзербайжанда Абай жылын ашып, «Абай жолы» кітабін ұсындық. Жыл бойы бүкіл әлемде классиктің мерейтойына арналған конференциялар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Оның бірі ЮНЕСКО-да өтеді. Бұл шаралардың мақсаты - қазақ данышпанының шығармашылығы мен философиясын дүниежүзіне паш етіп, рухани мұрасын сақтауға үлес қосу.  

Халықаралық түркі академиясы Баку университетіндегі қазақ мәдени орталығына түркі мәдениеті туралы 60-қа жуық кітапты сыйға тартты. Арасында Абай шығармашылығына арналған басылымдар да бар.

Эльчин Бабаев,  Баку мемлекеттік университетінің ректоры:

- Абай – кемеңгер ақындардың бірі. Ол қазақ мәдениетінің дамуы мен бүкіл түркі әлемінің бірігуіне өз үлесін қосты. Университетімізде Абай атындағы Қазақ мәдени орталығы бар. Оның жұмыс ауқымын кеңейтуді көздеп отырмыз. Бұл орталықтың қазақ әдебиетін зерттеуге қосатын үлесін артырғымыз келеді.

Салтанатты кеш Қазақстан халық әртісі Кенжеғали Мыржықпаев пен Элена Сахноның қатысуымен өткен концертпен аяқталды. Олар Абай әндерін шырқап, көрермендер ықыласына бөленді. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы