431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Өткенге шолу» мультимедиа көрмесі өтіп жатыр

  • 213
  • UPD: 10:39, 05.02.2020

Әр қаланың өткен тарихы бар. Елорданың ескі бөлігіндегі көшелер мен аулалар, саябақтар мен гүлзарлар да талай кезеңнің куәсі. «Өткенге шолу» мультимедиалық көрмесі бас қала туралы тарихи ақпараттарды бір жерге жинады. Көрме Кубриннің ескі үйінде өтіп жатыр.

Елорданың өткеніне шолу жасағыңыз келсе, көпес Кубриннің ескі үйіне келіңіз. Мұнда бас қаланың тарихынан сыр шертер жәдігер толып тұр. Оны есігінен кірген бойда байқайсыз.

Жәдігерлерді көзбен көру өз алдына, қолмен ұстап, тіпті, кейбірінің дыбысын естуге болады. Мультимедиялық технология заманында бұл әбден мүмкін. Дегенмен, кейбір дүниелер әйнектің ар жағына қойылған. Себебі белгілі. Талай жыл топырақтың астында жатқан бұйымдарды қолмен ұстауға болмайды.

Теміртас Ысқақов, «Fading.TSE: елорданың өткеніне шолу» жобасының жетекшісі:

- Бұл жерде біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырда қолданылған құмыралар мен қоладан жасалған жебе ұштары тұр. Сондай-ақ Жәнібек Шалқар кесенесінің ортағасырлық кірпіштерін қойдық. Кесе мен патша монеталары бар.  Олар әртүрлі маркамен сақтаулы тұр.

Бір қарағанда кей залдар жартылай бос тұрған сияқты. Алайда, жақындап үңілсеңіз, тұтас бір ғылыми мақалаға негіз болатын мәліметтерді көресіз. Әр кезеңнен сыр шертер фотосурет те жеткілікті. Қысқасы, ақпараттық қабырғаға қажетті барлық ақпарат  ілінген.

Теміртас Ысқақов, «Fading.TSE: елорданың өткеніне шолу» жобасының жетекшісі:

- Аштық құрбандарына арналған монумент орналасқан жерде азық-түлік өндірісінің кәсіпорыны болған. Яғни Кощегуловтардың конфет және пряник фабрикасы бұрын осы жерде орналасқан. Ол отбасы сауда-саттықпен айналысып қана қоймай, кондитерлік өнім дайындаған. 1915 жылы «император сарайына үздік тауар жеткізуші» атағына ие болған. Революциядан кейін ғимарат басқалардың меншігіне өтіп, әртүрлі басылымдар болған. 

70-жылдары ғимаратты бұзып тастаған. Қазір орнында монумент тұр. Жалпы бұл жерде елорданың әр кезеңдегі суреттері көп. Қала көшелерінің түбегейлі өзгергенін фотосуреттен көре аласыз. Бір залда журналист Нұрмұхамат Имамовтың еңбектері қойылған. Оның ішінде музейлер мен архивтерден жиналған мәліметтер бар.

Теміртас Ысқақов, «Fading.TSE: елорданың өткеніне шолу» жобасының жетекшісі:

- Мысалы, мына фотосуреттің қай жылы түсірілгенін және авторының кім екенін білмейміз. Бұл Ақмола облысындағы ауылдардың бірі болуы мүмкін. Және, күштеп ұжымдастыру жылдарына дейін түсірілген деген болжам бар.  Себебі, 30-шы жылдардан кейін дәл осындай ауылдар өте сирек болды.

Көрмеден сол кездегі Целиноградтың алғашқы түрлі-түсті фотосуретін көруге болады. 1978 жылы амеркандық фоторграф Лоренс Шервин түсірген. Сондай-ақ мұнда ретро автокөліктерді көресіз. Көрме ақпан айының ортасына дейін болады. Келіп көруге уақытыңыз бар. 

Авторы: Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы