Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтеді.
«Абай бабамыздың 175 жылдығына орай 8 ақпан күні «Астана» концерт залында сағат 14:00-де ақындар айтысы өтеді. Айтысқа 16 ақын, яғни сегіз жұп қатысады. Жалпы биыл ақпан және желтоқсан айында екі айтыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Биылдың ең басты айтысы – «Алтын домбыра». Ол жылдың соңында, яғни желоқсанда өтеді», - деді ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Халықаралық жыршы-термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман ертеңгі айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігіне тоқталып өтті.
«Ертеңгі айтыстың ерекшелігі – ақындарды халықтың алдында жұпқа бөлеміз. Оған дейін кім кіммен айтысатынын білмейді. Кез келген көрермен шығып, ақындардың аты жазылған шарларды таңдау арқылы жұптар анықталады. Бұл арқылы ұзын-сонар жаттанды айтысқа жол бермейміз, суырып салу арқылы 3-5 шумақпен қайымдасып айтысады», - деді Жүрсін Ерман.
Автор: Д.Доспан