419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қазақстанның моцарты» мұнайлы өңірде концертін берді

  • 539
  • UPD: 09:39, 13.02.2020

Рахат Би Әбдісағин. Бұл есім бүгінде әлемнің өнерсүйер қауымына жете таныс.

20 жасар композитор осы уақыт ішінде симфониялық оркестрге және камералық ансамбльдерге арналған 100-ден аса туындылар жазып, көптеген беделді халықаралық композитор және пианист конкурстарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғи қабілетінің арқасында 13 жасында студент атанып, 17 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын үздік тәмамдаған. Атырауда «Қазақстанның Моцарты» атанған тума талант иесінің «Зымыран заман» атты симфониялық музыка кеші өтті.

500 орындық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының кең залында ине шаншар орын болмады десек, артық айтқандық емес. Классикалық өнерге шөлдеген атыраулықтар Рахат-Би Төлегенұлының шығармаларын аса жылы қабылдады.

Латиф Ғалымжанұлы, көрермен:

– Бұрын Атырауда талай классикалық шығармалардың концерттері болып жүр еді. Ал бұл концерттің орны ерекше болып тұр. Өзінің орындаушылық шеберлігін, пианинода ойнаудағы көріністерді көріп, ләззатқа бөленіп жатқан жайымыз бар.

Әсіресе, жас композитордың «Өмірге құштарлдық», «Жыл құстарының сыңсуы» атты туындылары көрерменді баурап алды. Айрықша дарынымен бала күнінен ел аузына ілінген Рахат-Би Төлегенұлының есімі бұл күні шет елдерге де кеңінен танылған. Музыка әлеміне өзіндік жол салып келе жатқан талант иесі атыраулықтардың құрметіне ризашылығын білдірді

Рахат-Би Әбдісағин, «Дарын» сыйлығының иегері, композитор:

– Бұл – менің Атырау облысына алғашқы сапарым. Халық өте жақсы қабылдап жатыр. Қуаныштымын. Кәсіби маман ретінде залдағы акустикаға назар аудартқым келеді. Өте жақсы жабдықталған. 

Бүгінде жас композитордың шығармаларын әлемнің ең беделді танымал музыканттары орындайды. Дарынды жастың тағы бір ерекшелігі – бірнеше тілді меңгеріп алғандығы. Музыканы жүрекпен қабылдайтын өнерсүйер қауым Рахат-Бидің әлемдік музыканың дамуы жайлы лекция-концерттерінен де де жоғары бағалап жүр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы