427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық әртіс Яссауи Мерғалиев британиялық сахналарда өнер көрсетіп жүр

  • 336
Қазақстандық әртіс Яссауи Мерғалиев британиялық сахналарда өнер көрсетіп жүр

 

Біріккен корольдіктің басты телевизиялық би байқауына қатысқаннан кейін оның танымалдылығы еселене түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

La Esmeralda – сазды әуенінің сүйемелдеуімен орындалған 13 пируэт. Таң қалып, таңырқаған қазылар алқасы. Залда Яссауиге жанкүйер болып, жұбайы Софья отыр. Сарапшылардың кәсіби тобынан бөлек қатысушының талантын көрермендер де бағалайды. Олар батырманы басып, терезені ашулары қажет, яғни келесі кезеңге жолдама береді. Яссауи бас жүлдеге яғни 50 мың стерлинг фунтына бір қадам жақын көрінді. Алайда.... 

Яссауи Мерғалиев, биші:

– Өкінішке қарай терезе ашылып, Live show-ға қатысу үшін маған 2% дауыс жетпей қалды. Бірақ бұған қарамастан, Youtube-тегі видео екі күн ішінде екі миллионнан астам қаралым жинады.

Ағымдағы жылы The Greatest Dancer-ге Яссауи тағы да шақыру алған болатын. Бұл жолы оның айы оңынан туды, терезелер ашылды, бірақ тағы да Live show-ға жолдама ала алмады. Яссауидің ойынша, классикалық балет бұл байқаудың форматына сәйкес келмейді.

Яссауидің Ұлыбританияда тұрғанына 10 жыл болған. Қазір ол неоклассикалық балет пен заманауи хореографияның қыр-сырын меңгеріп жатыр. Би өнерінің майталмандарынынан жеке сабақтар алу үстінде.

Иан Ноулс, балетмейстер:

– Ол не керек екенін жақсы біледі: қолдар қай бағытта қимылдап, бас қалай тұру қажет екендігінен хабардар. Мен үшін Яссауиді оқыту үлкен мәртебе және мұндай кездесулердің жиірек болғанын қалар едім. Бірақ әрине, оның қолы тие бермейді.

Шынымен де Яссауидің жұмыс кестесі өте тығыз, әрқашан гастрольде жүреді. Бұдан бөлек жұбайы, балерина Софья екеуі өздерінің жеке балет студиясында сабақ береді. Телевизиялық шоуға қатысуға итермелеген де сол жұбайы болатын. Айтпақшы, Софья қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, сәлем салуды да жақсы меңгерген. Қазір Яссауи 35-те, бірақ балет жасқа қарамайтындығына ол сенімді және жаңа белестерді бағындыруға бек дайын.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы