420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық режиссердің картинасы Франциядағы кинофестиваль жүлдесін иеленді

  • 439
  • UPD: 13:08, 20.02.2020

Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» атты фильмі Франциядағы Везуль кинофестивалінің жүлдесін иеленді.  Бірнеше беделді байқауда марапатталған бұл картина мамыр айында Франция кинотеатрларында прокатқа шығады.

«Қап қара адам» фильмін Францияда алғаш боп Везуль кинофестивалінің қонақтары тамашалады. Көрсетілім кезінде залда ине шаншар орын болды. Фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермендері қазақстандық туындылармен бұрыннан таныс. Сондықтан олар Әділхан Ержановтың фильмін асыға күтті.

БЛИЦ: 

- Супер, супер! Үлкен әсер қалдырды! 

- Өте жақсы түсірілген фильм. Диалогтары аз болғандығы қызықтырады. Фильм полициядағы жемқорлық мәселесін өте дәл ашып отыр. 

Бұл Әділхан Ержановтың Франция прокатына шыққан екінші фильмі. Осыдан бір жыл бұрын оның  «Ласковое безразличие мира» туындысын 30 мың көрермен тамашалаған еді. Көрсетілімді ұйымдастырған компанияның директоры авторлық киноны қадірлейтін көрермендер қатары сиреп бара жатқанын айтады. Бірақ бұл сапалы фильмдерді көбейтуге ынталандырады дейді ол.

Бенедикт Тома, Arizona Distribution компаниясының директоры:

- Көбірек еңбек етуіміз керек деп санаймын. Жылдан жылға жағдай қиындап барады. Алайда Әділхан секілді авторларымызды мақтан тұтамыз. Шынын айтсақ, бізді пайда табу аса қызықтырып отырған жоқ. Біз өнерді қадірлейміз.  

Франция тұрғындары кино десе ішкен асын жерге қояды.  Былтыр ел бойынша кинотеатрларға 213 миллион билет сатылып, жартығасырлық рекорд жаңарды.  Алайда жұрттың көбісі Голливудте түсірілген фильмдерге құмар. Ал авторлық киноға керісінше қызуғышылық төмендей түсті. 

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы