432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне аттанды

  • 605
  • UPD: 08:45, 22.02.2020

Моңғол әскерінің құрамында болған ұлы дала жауынгерлері сонау өлкеге де жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бүгінде бұл елдерде бабаларымызға қатысты қандай белгі қалды?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Бұл жолғы сапар Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі мемлекеттердің бірі Вьетнамнан басталды. Тарихи деректерге қарағанда ұлы даладан шыққан батыр бабаларымыздың ат тұяғы дәл қазір біз тұрған Ханой қаласына дейін жеткен. Бұл қаншалықты рас? Сапар барысында жергілікті тарихшылармен жүздесіп, тарихи орындар мен тарихи музейлерді аралау арқылы бабаларымызға қатысты тың деректер бар жоғын анықтайтын боламыз.

Он үшінші ғасырда бабаларымыздың Вьетнам жеріне қазақ деген атаумен атайлоп келмегені белгілі. Бірақ Дешті Қыпшақ даласынан, бүгінгі қазақ руларынан шыққан жауынгерлердің сол кездегі ұлы Моңғол империясы әскерінің негізі болғаны бәрімізге аян. Сондықтан бабаларымызға қатысты деректерді Моңғол Юань империясы мен Вьетнам арасында болған соғыс тарихынан іздейміз. 13-ғасырда қос мемлекет 30 жылдай соғысты.

Нгуэн Тхун Хьен, тарих ғылымдарының докторы:

Моңғол әскері ел шекарсынан басып кіргенде, Вьетнам халқы жаппай қарсылық көрсетті. Жұртшылық «татарларға өлім» деп ұрандатып, осы сөзді иықтарына жазып алды деген дерек бар. Бұл сол кездегі моңғол әскерінің құрамында түркі тілінде сөйлейтін жауынгердің көп болғанын көрсетеді. Оған қоса Вьтнамға келген жауынгерлердің бір тобын қыпшақтан шыққан Сидур деген қолбасшы бастап келеді. Ол кезде әскер басқару құрметі тек моңғолдарға ғана бұйырған.Сондықтан Сидурға қолбасшы атағының берілуі моңғол билігінде қыпшақ түріктердің ықпалды зор болғанын айғақтайды.

Тарихта Моңғол әскері Вьетнамға үш рет жорық жасады. Алғашқысын 1257 жылы даңты қолбасшы Урянхатай бастап келді. Олар ел астанасын басып алып, жеңіске оңай қол жеткізді. Бірақ жергілікті ауа райына төзе алмады. Жауынгерлер арасында ауру таралды. Оның үстіне Вьетнам халқы партизандық ұрысқа көшіп, тұтқиылдан шабуылдап, бірталай әскерді жойды. Сондықтан Моңғол билігі Вьетнам императорына үш жылда бір салық төлеуді міндеттеп, өздері, кейін шегінді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Екінші жорық Қытайдан басталды. Мұны бастап келген Туган, Құбылай ханның баласы не болмаса Жиені деп аталады. Оған көмектескен Согату немесе Соду дейді. Бұл – жалайырдан шыққан қолбасшы. Сол кездегі өте ірі қолбасшылардың біреуі. Бұлар келгенде вьетнамдар өте күшті қарсылық көрсетеді. Алдында жеңілгеніменғ олар партизандық соғыс бастап, моңғолдарды қайтадан еліне қайтуға мәжүр етеді.

Жеңіліс тапқаннан кейін Құбылай хан ренжіп, үшінші рет жорық бастады. Жапонияға дайындап отырған әскерлерінің барлығын осы жаққа жібереді. Осылайша 1987 жылы Туган бастаған моңғол әскері сол кездегі Дайвьет пен Чампо еліне үшінші жорыққа шығады. Тарихи дерекке қарағанда осы жолы Вьетнамға құрлық арқылы 70 мың ал, теңіз арқылы 20 мыңнан астам жауынгер аттанады. 500 кемеден тұратын теңіз флотын түркі тайпаларының бірінен шыққан Омар басқарған. Олар Хайфон қаласының жағалауына жеткенде Чан Хынг Дао басқарған Вьетнам әскерінің тойтарысына тап болып, жеңіліс табады. Осылайша моңғол әскері тағы да Дайвьет елін тізе бүктіре алмай кетеді.

Чан Чонг Ванг, өлкетанушы:

– Біз қазір Вьетнам әскерінің сыртқы жауларына ойсырата соққы берген қасиетті жерінде тұрмыз. Мұнда 13-ғасырда моңғол әскерін жеңген даңты қолбасшы Чан Хынг Даоның ескерткіші қойылған. Бұл соғыстаа Моңғол әскері үш атақты қолбасшы басқарды. Негізгі қолды моңғол батыры Туган бастап жүрді. Ал Құбылайдың жеке сарбаздарынан құралған жасақты қыпшақтан шыққан Сидур қолбасшылық жасады. Ал теңіз әскерін Омар басқарды. Бірақ жеңіс Чан Хынг Дао жағында қалды.

Жеңіске жету үшін Вьетнам қолбасшысы түрлі тәсіл қолданған. Соның бірі – әскер толы кемені астынан тесу. Ол үшін судың астына ұшына үшкір темір бекітілген ағаштар қағылған. Оған моңғол әскерінің кемелері түйреліп, суға батқан. Аман өткенін садақпен атқылап, жағаға жеткізбей өртеген. Вьетнам жұрты бұл жеңісті күнді естен шығармау үшін жағалауға даңты қолбасшыларының ескерткішін орнатқан. Жергілікті жұрт бүгінге дейін осында келіп, батыр бабаларына алғыс айтып, тәу етеді. Тіпті тоғызыншы сәуірді Жеңіс күні ретінде атап өтеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы