445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы: қазақ халқын Вьетнаммен не байланыстырады

  • 177
  • UPD: 10:04, 28.02.2020

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Вьетнам елінің Куиньон қаласында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орта ғасырларда шаһар Чампо деп аталатын мемлекеттің астанасы болған. 1280 жылы Құбылай хан осы аймақты өзіне бағындыру ісін сенімді қолбасшысы Согатуға жүктейді. Тарихи мәліметке қарағанда Согату бүгінгі қазақ халқының құрамына кіретін Жалайыр руынан шыққан.

Вьетнам. Шығыс жағы Оңтүстік Қытай теңізімен шайылып жатқан саудаға қолайлы тропикалық мемлекет. Бүгінде шамамен 100 миллиондай халық мекендейді. Тарихи деректерге қарағанда, қазіргі Вьетнамның негізі екі мемлекеттен құрылған. Оның бірі Дайвьет, екіншісі Чампо деп аталыпты. 13-ғасырда Қытай жерін толық өз қарамағына алған Құбылай хан осы мемлекеттерге көз тігеді. Сөйтіп әуелі Юань ипериясымен шекаралас жатқан Дайвьетті мойындатып, салық төлеуге мәжбүрлейді. Кейін Чампоға ауыз сала бастайды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– 1282 жылы жалайыр Согату бастаған 5 мың моңғол әскері 100 кемемен біз тұрған жағалауға жетеді. Сөйтіп сол кездегі Чампо астанасы Виджай қаласын жаулап алады. Бірақ билік басындағы корол Индраварману бесіншіні қолға түсіре алмайды. Ол тауға шығып, қалың орманға жасырынады. Ал корольдің ұлы моңғол жауынгерлеріне қарсы партизандық ұрыс жүргізеді. Жазық даладағы соғысқа машықтанған моңғолдар 2 жылда бірталай әскерінен айырылады.

Сондай-ақ жауынгерлер жергілікті ауа райына да үйрене алмаған. Тіпті кейбірі аурудан көз жұмған. Сондықтан Согату Чампоға қайта шабуылдаудың жоспарын әзірлеп, орталықтан көмек сұрайды. Құбылай хан жорықты Туганға тапсырады.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– 1283 жылы көмек сұрап Қытайдан Құбылай ханның атына Алихай деген өзінің көмекші қолбасшысын жібереді. Ол сол жақтан адамды жинайды, Құбылай хан оған өзінің гвардиясынан 7 мың қыпшақ жауынгерін жібереді. 8 мың қытай және басқа жауынгерлерді жібереді. Сонымен не керек, 15-20 мың әскерді алып, Алихай осында келгенше, Согату шыдамай 84-жылы бұл арадан кейін шегініп кетеді.

Арып ашып, шегінген моңғол әскерін Чампо жауынгерлері тұс-тұстан қыспаққа алады. Шайқастардың бірінде Согату қаза табады. Ал бұл мұнаралар – сол тарихтың жансыз куәсі.

Чан Ван Чуен, өлкетанушы:

– Қазір біз тұрған Куньон қаласы 10-14-ғасырларда Чампо елінің астанасы болды. Осы уақыт аралығында мұнда түрлі соғыс жүрді. 11-ғасырдың аяғы мен 12-ғасырдың басында жергілікті жұрт дінге бет бұрып,100 метр биіктікке осы ғимаратты салды. Әдетте қалаларды жермен жексен ететін моңғол әскері діни бағыттағы мұнараларға тиіспеген.

Ал бұл – моңғол әскеріне тойтарыс беріп, кейін шегінуге мәжбүрлеген Вьетнам елінің даңқты қолбасшысы Чан Хынг Даоның Хошимин қаласындағы ескерткіші. Білгір қолбасшы соғысып қана қоймай, әскери-әдіс тәсілдер туралы еңбектер жазған. Осы тәсілдер Вьетнамның Франция мен АҚШ-қа қарсы соғысында да қолданылды. Сонықтан оның ескерткіші Вьетнамның бірнеше қаласына қойылған.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Оңтүстік-шығыс Азияға жасаған сапардың алғашқы төрт күні Вьетнамның 4 қаласына арналды. Мұнда бабаларымызға қатысты тарихи жерлерді араладық. Әрине заттай жәдігерлер сақтала қоймаған. Десе де жазба деректерінде мәлімет жетерлік. Сондықтан «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы өз сапарын жалғастырады. Бағыт Индонезия мемлекеті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы