447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Батырлар» фильмі 12 наурызда көрерменге жол тартады

  • 169
  • UPD: 22:00, 28.02.2020

12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларында «Батырлар» фильмі көрсетіле бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жаңа туынды Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жерін жаудан қорғап, халықтың ауызбіршілігін сақтау үшін күрескен тарихи тұлғалар – Қарасай, Ағынтай және Мерген батырлар жайында.

«Батырлар» фильмі режиссер Асқар Ұзабаевтың тарихи тақырыптағы алғашқы жұмысы. Қазақ пен Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі оқиғалар суреттелетін туындыда негізгі кейіпкер – Қарасай батыр. Жаугершілік заманында батырды дүниеге әкелген ананың рөлін әлемге танымал актриса Самал Еслямова ойнайды.

Самал Еслямова, актриса:

Мен 10 жылдай болды елден жырақ, шет мемлекетте тұрып жатырмын. Әрине, өзіміздің тарихымызды суреттейтін фильмге түсуді көптен армандадым. Асқар Ұзабаевтан шақырту алғанымда қатты қуандым. Қарасай батыр сынды тұлғаның анасын ойнау мен үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік.

Қарасай батырдың рөлін жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше актер ойнайды. Ал, оның жалынды жастық шағы, қазақ жерінің тұтастығы үшін жаумен жекпе-жек келетін кезеңі актер Назар Шарханға бұйырыпты. «Орта бойлы, шағын денелі маған батырдың рөлін бергенде өзім таңқалдым», - дейді ол. Бірақ режиссер «батырдың барлығы алып денелі болуы міндетті емес, ержүрек тұлғаның келбетін көрсету үшін актердің ішкі болмысы мен өткір мінез болу керек», деп шешкен. Сондай-ақ, ол фильмде көркем сөзден гөрі өмірдегідей қарапайым тілмен сөйлеу мәнерін жөн көріпті.

Назар Шархан, актер:

«Саламатсыңдар ма! Хан ием!»- деп мысалы, сөйтіп сөйлейді ғой. Асыра сілтеп, мимикаларды кеңінен жайып жасайды ғой, ал Асқарға келгенімізде ол бізді сындырды. Өмірдегідей сөйле, керек емес «Уа, хан ием», деп сөйлеу маңызды емес. Бастысы, сөз жетсе болды.

«Батырлар» фильмінің әрбір кадрына ерекше мән берілген», дейді шығармашылық ұжым өкілдері. Өйткенітүсіру жұмыстары басталғанға дейін актерлер екі ай бойы арнайы каскадерлік жаттығулардан өткен.

Назар Шархан, актер:

Сценарий өте керемет драматургиямен жазылған. Ол жерде атап өтер болсақ, ең басты қазіргі қазақ халқына керегі отансүйгіштік, батылдық, әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас, елге деген сүйспеншілігі, әйелін сүю, әйелінің үмітін ақтау, бала-шағасына дұрыс тәлім-тәрбие беру, яғни рухани байлықты молынша көрсете білген бұл сценарий деп ойлаймын.

«Батырлар» фильмін кино сүйер қауым 12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларынан көре алады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы