413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мьянмада бабаларымыздан қандай із қалды

  • 234
  • UPD: 18:55, 03.03.2020

1277 жылы Құбылай ханның Мьянмаға жасаған жорығын қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы Тутух басқарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 12 мың атты әскерімен Мьянманың 60 мың қолына қарсы соғыс ашып, жеңіске жетеді.

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Мьянманың Баган қаласында. 11-13 ғасырда бұл жер елдегі ең ірі корольдіктің астанасы болған. Сондықтан бүгінде тарихи жәдігерлерімен әлемге әйгілі. Айналасы 40 шаршы шақырымдай аумақта 4 мыңға жуық ғибадатхана сақталған. 1271 жылы будда дінін берік ұстанған осы корольдікке Құбылай ханнан хат келеді. Ол Баган королі Наратихапатиға Юань империясын мойындап, салық төлеуді міндеттейді. Баган патшасы мұны елеусіз қалдырады. Араға екі жыл салып, Құбылай хан екінші рет ескерту жібереді. Наратихапат бұл жолы елшілердің басын алады. Осыдан кейін Юань империясы Мянмаға жорығын бастайды.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– 1277 жылы 12 мың қолмен қыпшақ тайпасынан шыққан қолбасшы Тутух Мьянма елінің шекарасын бұзып кіреді. Оған қарсы тұрған Мьянманың 60 мың әскері мен 2000 пілдері. Алғашқыда мьянмалықтар 2 мың пілді жібереді, әрқайсының үстінде оншақты садақ атқыштары бар. Пілді көрген уақытта біздің жауынгерлердің астындағы аттар үркіп, соғыса алмайды.

Десе де, тегі қыпшақ Тутух басқарған жауынгерлер алған бетінен қайтпайды. Олар аттан түсіп, алып пілдерге садақтан оқ жаудырады. Жараланған жануарлар аласұрып, кейін жосылғанда жолындағы мьянма әскерінің бірталайын таптап өлтіреді. Қалғанын Тутухтың құрыш білекті жауынгерлері жер жастандырады. Осы соғысқа венециялық саяхатшы Морко Поло да қатысқан. Оның дерегінше, шайқас кезінде Мьянманың 60 мың қолынан 700-дей ғана жауынгер тірі қалды. Ал Тутух әскерінен бір-ақ адам қаза тапқан.

Кун Мон Тве, экскурсия жетекшісі:

– Алғашқы жорықта олар Баган қаласына дейін жеткен жоқ. Қытаймен шекаралас Нанчонг және Ханлинді басып алды. 1283 жылы қайта шабуылдап, Мандалай қаласына дейін жетті. 1287 жылы Баган қаласын жаулап алды. Бірақ олар діни ғимараттардың ешбіріне зақым келтірмеген.

Құбылай ханның ғимараттарды бүлдірмеу туралы бұйырғы 13 ғасырда қаланың кіре берісіне ілінген. Қытай және Мьянма тілінде жазылған көк тас бүгінде Багандағы музейде сақтаулы тұр.

Кун Мон Тве, экскурсия жетекшісі:

– Қамалды қоршап тұрған қорғанның негізі 10 ғасырда салынған. Бірақ 13 ғасырда моңғол әскері Мьянмаға жорықты бастаған кезде король Наратихапати оның қабырғасын қалыңдатып, бірнеше метрге дейін биіктетті. Сондай-ақ сыртынан ор қаздырды. Бірақ бәрібір қамалды тастап қашуға мәжүр болды.

Бұл Ұлы қаған әскерінің құрамында Мьянмаға жеткен батыр бабаларымыз тропикалық ыстық ауа райына шыдамады. Сондықтан ел билігін Юань императорының айтқанымен жүретін Чосваға тапсырып, отанына қайтты. Бабаларымызға қатысты бірталай тарихи мәлімет жиған экспедиция мүшелері сапар барысында Янгон қаласына да ат басын бұрды. Мұнда будда дінін ұстанатындар үшін ең қасиетті орын әрі әлемдегі ең көрнекті сәулет ғимаратарының бірі Шведагон пагодасын аралады. Осылайша «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне жасаған сапарын Мьянмада аяқтады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы