411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Троицкіде Абайдың 175 жылдығына арналған танымдық кеш өтті

  • 246
  • UPD: 15:52, 04.03.2020

Ресейдің Троицк қаласындағы қазақ мәдени орталығы Абайдың 175 жылдығына арналған танымдық кеш өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда ұлы ақынның әндері орындалып, өлеңдері оқылды.

Троицк қаласындағы қазақ мәдени орталығының Қазақстанда жарияланған Абай жылына өз үлестерін қосып, осындай іс-шара ұйымдастыруы құптарлық іс. Жиналғандарға ұлы ақынның өмірбаянынан, шығармашылығынан мағлұматтар беріп, өлең-жырларын оқыды.

Әйгерім Оспанова, оқушы:

Қазақ болғандықтан Абай мен үшін мақтаныш. Әлемдік классиктер Уильям Шекспир, Александр Пушкиндермен қатар тұратын тұлға. Қазір мен Абайды терең танып, білуге тырысып жүрмін.

Әрине, ынта-ықыластары көңіл қуантады. Тек бір әттеген-айы, қазақ балаларының өз тілдерінде бір-екі шумақ өлеңді ежелеп, әрең оқығандығы. Қазақстанның түбіндегі Троицк қаласында 5 мыңдай қандасымыз тұрады. Солардың балаларын айтпағанда, үлкендерінің өзі ана тілінен ажырап қалған.

Аязбек Нұртышев, қала тұрғыны:

Маңызды проблемамыз жастарымыз тілден ажырап жатыр. Бізде Қазақстанмен көп араласу жетіспейді. Қазір көбісінің үйлерінде әке-шешелері, тіпті ата-әжелері оқымай қалады деп, жүре алмай қалады деп, бәрі орысшаға айналып кетті.

Бұл – қазақ тілі курсында оқитын балалар. Сабақ аптасына екі рет өткізіледі. Тіл үйренгісі келетіндер жоқ емес, бар, бірақ бірен-саран. Жергілікті қазақтар мектептерде ең болмағанда факультатив ретінде ашуды ниет еткен екен, әзірге жоғары жақтан қолдау таппай тұр.

Анжела Мужичук, қазақ тілін оқытушы:

- Балалардың қазақ тілін үйренетін ынтасы бар. Бірақ та әдебиет, методикалық материалдар жеткіліксіз. Бізге бір кішкене жәрдем болса дейміз.

Бір байқағанымыз, Троицк қазақтарының ұлттық рухы мықты. Олар жаз мезігілі Абайдың 175 жылдығын кең көлемде атап өтеміз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы