435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар Наурыз мерекесін атап өтті

  • 151
  • UPD: 12:47, 23.03.2020

Оңтүстік Кёнсан провинциясындағы Ёнсан қаласында жұмыс істейтін қазақстандықтар бас қосып, Ұлыстың ұлы күнін атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін «Шырайлы Шымкент» дәмханасында халық көп жиналды. Өйткені бұл - Оңтүстік Кёнсан провинциясында қазақтың ұлттық тағамдары дайындалатын жалғыз қоғамдық тамақтану орны. Сондықтан қазақстандықтар мұнда көрші ауылдардан да келеді. Осы жерден елу шақырымда коронавирус ошағы Тэгу орналасқан. Әйтеуір, Ёнсанға вирус жете қойған жоқ. Бірақ сонда да сақтық шаралары ескеріліп, келгендердің дене қызуы өлшенеді. Мұнда тіпті қонақтар қолданған микрофондар да зарарсыздандырылып отырды.

Дәмхана қожайындары – ерлі-зайыпты Чой Ён Джу мен Сәуле Қосақаева. Барлық келушіге олар наурызкөже мен бауырсақ дайындапты.

Чой Ен Чжу, дәмхана иесі:

– Коронавирустың өршуіне байланысты қазіргі уақытта барлық дәмхана иелері қиындық көріп отыр. Бірақ клиенттеріміз көп. Бүгін біз мерекеге дайындалдық. Наурыз – қазақтың жаңа жылы. Қазақ халқын құттықтағым келеді, қазір бүкіл әлемде коронавирус салдарынан қиындықтар болып жатыр, сондықтан бәрін бірге жеңіп, бір-біріміздің сау болғанымызды қалаймын.

Ёнсанда бес мың бес жүз адам тұрады. Сонымен қатар мұнда төрт жүзге жуық еңбек мигранты бар. Қазақстандықтар әркез бірге болуға тырысады. Наурызда да дәл солай бас қосты, сонымен қатар өз өнерлерін де ортаға салды.

Жандарбек:

– Әрине елге деген сағынышты сөзбен айту мүмкін емес. Дегенмен жұмыс жағынан осы жақ бізге тиімді болып тұр.

Наурыз мейрамында қазақстандықтар бір-бірлеріне жемісті еңбек пен көп ұзамай елге оралуды тіледі.

Жандарбек:

– Ұлыстың ұлы мейрамы құтты болсын. Еліміз тыныш, дендеріңіз сау болсын. Дерттен алыста болайық.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы