418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Роза Рымбаева YouTube желісі арқылы көрермендермен қауышты

  • 231
  • UPD: 15:26, 27.03.2020

Онлайн режимдегі екі сағаттық концерт. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева кеше YouTube желісі арқылы көрермендермен қауышты. Айта кетерлігі, шара мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақтелеком компаниясының YouTube арнасында ұйымдастырылған. Карантинге қарамастан көктемнің кештерін көңілдірек өткізуге еліміздің өзге де талантты әншілері акцияға ат салысатын болады.

Коронавирустың таралмауын алдын алу жолында елдің тыныс-тіршілігі тұтастай онлайн режимге көшкен. Карантиндегі қам көңілді жүдетпеу мақсатында елімізде "Біргеміз" акциясы қолға алынған еді. Атап айтқанда, акция білім беру, спорт, жұмыспен қамту сынды бірқатар саланы қамтыды. Мәдениет саласы назардан қыс қалмады. 

Дәурен Абаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Әр кеш сайын Ютуб каналындағы тікелей эфирде Қазақстанның әйгілі әртістері концерт береді. Онлайн режимідегі Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ғаділбек Жанай жеке концерттерін беріп үлгерді. 

Айтқандай, кеше онлайн тыңдарман Қазақстандық эстраданың майталманы, халық артисі Роза Рымбаеваның концертін тамашалауға мүмкіндік алды. Әнші репертуарындағы көнермейтін  әндері шырқап, халықпен бірге екенін сезіндірді. 

Айта кетерлігі, мемлекет басшысы халық әртісі және оның әріптестеріне Твиттер арқылы ризашылығын білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жезтаңдай әнші, Еңбек Ері Роза Рымбаеваның онлайн концерті – халықтың рухын көтеретін нағыз өнер туындысы. Әлем елдеріне үлгі боларлық дүние. Розаға және барша мәдениет қайраткерлеріне халықпен бірге болып, шығармашылығымен қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. #Birgemiz

Вирустың таралмауын алдын алу мақсатында әлем тұрғындарының төрттен бір бөлігі бүгінде карантинде отыр. Денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Stay at home, яғни «Үйде бол» акциясына әлем әншілері де үн қосқан. Көктемнің кештерін көңілді өткізуге Қазақстан халқының да толық мүмкіндігі бар.

Хабар 24 телеарнасы