411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дизайнерлер қазақ оюларының түпкі мағынасына мән бермейді – белгілі суретші

  • 297
  • UPD: 09:04, 29.03.2020

Қазақтың ұлттық киімдері мен бұйымдарына ою салудың өз реті бар.

Қазіргі дизайнерлер көп жағдайда ою-өрнектерді тек сән үшін пайдаланып, оның түпкі мағынасына аса мән бермейді. Бұл белгілі суретші, «Қазақ оюлары» кітабының авторы Ерлан Қожабаевтың пікірі. Осының кесірінен елімізде оюдың графикасы сол қалпында сақталғанымен, оның түпкі мағынасы ұмыт болып барады дейді дизайнер.

Қазақтың ою-өрнектерін терең зерттеп жүрген суретші оюды пайдалану әдісі туралы әңгімесін киіз үйден бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі көшпенді халықтың баспанасына айналған киіз үйлердің пішіні, әлемдік модульді қайталайды дейді суретші.

Ерлан Қожабаев, суретші:

- Мына жақта үш ай көктем, үш ай жаз, үш ай күз, үш ай қыс. Одан кейін шаңырақты қойғанда, міндетті түрде шығыс-батыс деп қояды. Өйткені түнде түндікті ашқанда, шаңырақ бойынша бұл жұлдыздың қай жерде тұрғанын біледі де, уақыттың қанша екенін біледі. Күндіз түндікті ашқанда, шаңырақтан күн түсіп, күн сәулесі керегеге түскенде, керегенің өзі сағат сияқты, адам қай уақыт екенін біледі.

Ою-өрнектердің, әсіресе пиктограмманың терең сырын зерттеп жүрген азамат мына таңбаға мән береуіміз керек екенін айтты. Себебі оның тарихы 20-ғасырдағы Адольф Гитлердің кезеңінде емес, осыдан бірнеше ғасыр бұрын басталады.

Ерлан Қожабаев, суретші:

– Бұл қазақтарда құттың белгісі. Құттың тамғасы. Құттың тамғасы күн бойынша айналатыны, о дүниенің тамғасы. Мысалы, Ахмет Яссауидің басында бұл теріс айналып тұр. Кейде киімдерде, оюларда мұны білмей, теріс айналдырып қояды.

Сондықтан дизайнер әрбір ою-өрнекке ұқыптылықпен қарау керек. Мысалы, Әбілхан Қастеевтің мұражайында тұрған камзолдың жеңінің өзінде қаншама сыр бар екенін көпшілік біле бермейді.

Ерлан Қожабаев, суретші:

- Мына камзолдағы оюлардың барлығы мағыналы. Қолындағы ою – ол жұмыртқа. Жұмыртқаның ішінде балапан бар. Мына «S» пішіндес өсімдік ретінде салынған. Бұл мәңгілік деген сөз.

Әдетте, оюларда бос кеңістік болмайды. Және бір пішін екіншісін міндетті түрде қайталайды. Мұның өзі – күн мен түннің, жақсы мен жаманның, яғни теңдіктің белгісі. Сондай-ақ оюдың түсінде де мағына бар екен.

Ерлан Қожабаев, суретші:

– Егер көңіліңізді аққа аударсаңыз, ақ сіздің алдыңызға келеді да, қара фон болып артқа кетеді. Егер де сіз көңіліңізді қараға аударсаңыз, қара алдыға шығады да, ақ фон болып артқа кетеді.

Әр кезеңнің наным-сенімі, пәлсапасы (философиясы) туралы ақпарат беретін пиктограммалар мен оюлар қазақ халқында ғана өз графикасын жоймай келеді. Енді оның мағынасын жоғалтып алмасақ дейді қазақ оюларының сырын зерттеп жүрген суретші.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы