429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық әншілер онлайн концерт беру үрдісін жалғап жатыр

  • 262
  • UPD: 12:46, 23.04.2020

Елордада эстрада жұлдыздарының онлайн концерті қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қалыптасқан жағдайға байланысты қалалық мәдениет басқармасы осындай жобаны бастаған еді. Бүгінге дейін 15  шығармашылық кеш ұйымдастырылған. Жаңа форматтағы концерттер бірте-бірте көпшіліктің қызығушылығын тудырып, кеңінен қолдау тауып жатыр дейді басы-қасында жүргендер.

Қалалық әкімдікке қарасты мемлекеттік академиялық филормония ғимараты. Карантинге дейін бұл жерде күнделікті классикалық және эстрадалық концерттер өтіп тұратын. Ал енді қалыптасқан жағдайға байланысты  барлығы онлайн форматқа ойысқан. Яғни, мына шағын ғана бөлме қажетті құралдармен жабдықталып, өнер жұлдыздарының сахнасына айналып шыға келді.

Ерлан Көкеев, әнші:

– Біз онлайн концерттің  бағдарламасын дайындадық. Оның ішінде әлемде және елімізде танылып үлгерген музыкалық туындылар бар. Бір жарым сағаттай өнер көрсетіп, әлеуметтік желілер арқылы жерлестерімізге қолдау танытқымыз келеді.

Ерлан Көкеев пен оның музыкалық ұжымы бұл ұсынысты қуана құп алғандарын айтады. Жалпы мәдениет басқарамасының бастамасы барлық өнер майталманынан қолдау тауып жатыр. Айтпақшы, мұнда тек эстрада жұлдыздары ғана емес, осы филормония әншілері де өнер көрсетіп тұрады.

Ерлан Дәкенов, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры:

– Мұның алдында Маржан Арапбаева, Рүстем Жүгінісов, Дос, Аргония деген әншілер болып жатыр.  Клара Төлембаева, Медет Салықовтар отбасы бірігіп, осы жерде тамаша концертін берді. Тек эстрада жанры емес, бұл жерде классика жанрында да әдемі кеш беріп жатырмыз. Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Дина Хамзинадай опера әншілері өз кештерін онлайн өнер көрсетіп жатыр.

Бүгінге дейін осындай үлгідегі 15 концерт өтті және ол ары қарай жалғаса береді дейді Ерлан Дәкенов. Бұған қоса, «Біз біргеміз» деген ұранмен онлайн  дәрістер мен онлайн шеберлік сағаттары да қолға алынған.

Авторлары: Аслан Қаженов, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы