411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғарифолла Есім: Абайдың қол қойған құжаттары реттелуі керек

  • 188
  • UPD: 23:15, 01.05.2020
Ғарифолла Есім: Абайдың қол қойған құжаттары реттелуі керек

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елде түрлі шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айталық, осыған дейін ойшылдың мұралары халықаралық деңгейде зерттеліп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Солардың бірі – Абай қол қойған құжаттар.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Абай ел билеу ісіне белсене араласып, болыстық мандатқа бірнеше рет сайланған. Хәкімнің қызметте жүріп қол қойылған құжаттары жетерлік. Бізде тек бірен-сараны сақталған.

Ғарифолла Есім, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы:

- Абайдың қол қойған құжаттары реттелуі керек. Себебі, бұл тарихи деректер. Әрбір құжатты тауып, түсініктеме берілуі керек. Абай әкімшілік қызметте қызмет атқарған адам. Сондықтан ол кісінің құжаттарға қол қоюы заңды. Ол құжаттар әрбір архивтерде бар, тек зерттеу керек.

Данышпан ақынның Семейдегі бас музейі 1940 жылы Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен Абайдың 95 жылдық мерейтойында ашылды. Халқымыздың рухани орталығына айналды. Алғашында мұнда бар-жоғы 277 экспонат болса, қазір 21 мыңнан астам түрлі жәдігер сақталған. Олардың ішінде 1885 жылы хәкім Абайдың өз қолымен жергілікті өлкетану мұражайына өткізген заттары да бар. Кісе белбеу, ағаш ыдыстар, Әйгерімнің ертоқымы сияқты 17 экспонат келушілердің көзіне оттай басылары анық. Сонымен қатар данышпан ақынның қолжазбалары, өзі қол қойған бірнеше құнды құжаттар бар.

Жандос Әубәкір, Мемлекеттік қорық музейінің директоры:

- Абайға тікелей қатысы бар адамдардың естеліктерінің түпнұсқасы бізде сақтаулы. Сонымен бірге Әуезов арқылы бізге келген Абайдың түпнұсқа суреті де бізде тұр. Абайдың Мағауияға жазған хаты, және өзінің болыс болған кезде қол қойған құжаттары да музей қорында сақтаулы.

Тағы бір дерекке сенсек, Абай құқығы тапталған жесір әйелді қолдап, оған пайдасы тиетін құжаттарға қол қойған. Ол қағаз музейде сақтаулы. Бұл дегеніміз, басшылық қызметте де Абай дана, Абай дара бола білді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Болат Көкенайұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы