429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда қолөнер мектебі қанатын жайып келеді

  • 281
  • UPD: 12:01, 13.06.2020

Түркістан қаласында атадан балаға мұра боп қалған, ұлттық мәдениеттің өзегі саналатын қолөнер мектебі қанат жайып келеді. 2014 жылы негізі қаланған балалар қолөнер мектебін биыл 18 оқушы бітірді. Салтанатты шарада 8 мамандық бойынша 4 жыл білім алған түлектерге арнайы куәлік табыс етілді. 

Қолөнер – халқымыздың ұлттық мәдениеті мен дүниетанымының ең байырғы, аса құнды саласының бірі. Сондықтан болар атадан мұра боп қалған асыл өнерге жеткіншектер үйірсек. «Ана көрген тон пішер» демекші, кішкентай Гүлбануға киіз басып, кілем тоқуды әжесі үйретіпті. Кейін құрақ құрауды меңгерген. Қолының ебі, өзінің икемі болған соң анасы осы мектептке берген. Биыл үшінші жыл. Қазір бесаспап. 

Гүлбану Сабыр, қолөнер мектебінің оқушысы:

- Мынау менің жасаған бұйымдарым, мен мұны тоқыма станогында қолданамын. Мұны түкті әдіспен жасағам. Келесі бұйымым ол – аяқ-киім. Бұны киізден, яғни жүннен жасадым. Бұл аяқты жылы ұстайды және түрлі аурулардан сақтайды. Болашақта ұлттық құндылықтарымызды келешек ұрпаққа қалдырып, тоқыма класынан беретін мұғалім болғым келеді.

Түркістан қалалық балалар қолөнер мектебі 2014 жылы ашылған. Мұнда 8 үйірме сыныбы және бір даярлық тобы жұмыс істейді. 200-ден астам бала сурет және кескіндеме, ағаш, тері және былғары өңдеу, зергерлік, керамика, тоқыма және гобелен мен тігін және дизайн салалары бойынша  аптасына 3 ретосында келіп шеберліктерін шыңдайды. Жеткіншектерге он саусағынан бал тамған шеберлер сабақ береді. Ұлттық өнердің қыр-сырын үйретеді. Жас өрендердің қолынан шыққан туындылар мен тоқымалардың, әшекейлер мен бұйымдардың қай-қайсысы болса да көздің жауын алады. Мұнда оқу үшін балалар алдымен даярлық сыныбына түсіп, 2-3 жыл оқиды. 5 сыныптан кейін ғана үйірмеге қабыланады. Ал мектепті аяқтар жылы бар өнерін салып, ауқымды дүние жасайды. Содан кейін ғана арнайы куәлікке қол жеткізеді.

Айша Пернебаева, қолөнер мектебінің түлегі:

- Бүгін біз диплом алдық 4 жыл оқып, қатты қуанып тұрмын. Бұл менің дипломдық жұмысым. Аты кестелі кербез деп аталады. Заманауи сән әлемінде қоладынсқа беріледі. Бұны тігуге менің 3 ай уақытым кетті. Мен болашақта ос ымамандықты жалғастырғым келеді ары қарай. Нұр-Сұлтан қаласына оқуға түссем деп жоспарлап отырмын.

Қолөнер ғасырлар бойы халықтың тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқанымен технология дәуірлеген жаһандану заманында біртіндеп, жойылып, ұмыт бола бастады. Алайда ұлттық мұраны ұлықтап, қастерлі қазынамызды насихаттауда қолөнер мектебінің орны айырықша. Олай дейтініміз, елімізде баланы сурет салуға баулитын көркем сурет мектертері көп болғанымен, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухы сіңіріп, ұмыт боп бара жатқан бай мұрамызбен, асыл қазынамыз – ұлттық қолөнерді үйрететін бірде-бір мектеп жоқ. Сондықтан Түркістандағы балалар қолөнер мектебі осы бағытта білім беретін еліміздегі жалғыз орталық.

Құрманбай Мырзақұлов, қалалық қолөнер мектебі директорының орынбасары:

- Ұлттық нақыштағы, біздің салт-дәстүр, өзіміздің қолөнернімізді оқытатын бірден бір білім ошағы. Осы қалаға келген қонақтарды тарту, біздің өзіміздің қолтаңбамызды сол кісілерге есткелік ретінде қалдыру, қаламызды әлемге таныту, осы бағытта біздің шеберлеріміз, ұстаздарымыз жұмыс істеп, тек қолөнер емес, келешекте сәулет өнеріне, өнер ошақтарын жасауға ат салысамыз. Біз тәрибелейміз, жастарымыз соған бейім болады деп сенеміз.

Қалай болғанда да Түркістанда жан-жақты қалыптасқан заманауи қолөнер мектебі қалыптасып келеді. 6 жылда осы шаңырақтан мыңға жуық шәкір түлеп ұшқан. Қазір олардың көбі өз мамандықтары бойынша еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Ертең олар да киелі Түркістанның түрленіп, түлеуіне өз үлестерін қосады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы