476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Британиялық жазушы Джон Масси Стюарттың кітабы қазақ тіліне аударылмақ

  • 1175
  • UPD: 22:57, 22.06.2020

Британиялық жазушы Джон Масси Стюарттың кітабы қазақ тіліне аударылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басылып шығады.

«Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібірдегі және Қазақстандағы бастан кешкендері» атты еңбегі еліміз бен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықты арттырып, туризмнің дамуына ықпал етеді деген зор сенім бар.

Бұл британиялық суретші, саяхатшы және жазушы Джон Масси Стюарттың Жетісуға барған сапарынан көріністер. Өткен жылы 86 жастағы профессор Алматы облысы әкімшілігінің арнайы шақыруымен Лондоннан Талдықорғанға барған болатын. Ол кезде ағылшын ақсақалы Жетісудың таңғажайып табиғатын аралап көрді. Енді оның кітабы қазақ тіліне аударылмақ.

Джон Масси Стюарт, жазушы:

- Менің еңбегім Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тәржімаланып, басылатынына өте ризамын. Сондай-ақ Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевқа «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ұйытқы болғаны үшін де алғыс айтқым келеді.

Кітапта Қазақстанды XIX-ғасырда алғашқылардың бірі болып зерттеген белгілі еуропалық сәулетші әрі саяхатшы Томас Аткинсон туралы жазылады. Томас және Люси Ақсу ауданы маңындағы Тамшыбұлақ бұлағының жанында ұлды болып, есімін Алатау Тамшыбұлақ деп қояды. Томас тылсым табиғаттың суретін салып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі және мәдениеті туралы күнделік жүргізіп отырған.

Рустам Алпысбаев, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Өте қызық әрі құнды еңбекті аудара отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының дамуына жаңаша серпін береміз деген сенім бар. Кітап халықаралық және ішкі туризмді жетілдіруге де өз үлесін қосады деп үміттенеміз.

Кітап келер жылы 2000 данамен басып шығарылмақ. Ал тұсаукесерін Қазақстанда ғана емес Біріккен Корольдікте де өткізу жоспарланып отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы