426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» қойылымдарын онлайн көрсетеді

  • 256
«Астана Опера» қойылымдарын онлайн көрсетеді Тикетон

«Астана Опера» жазғы айлар уақытында театр сайты арқылы өнерсүйер қауымның назарына жиырмадан астам опера, балет спектакльдері мен концерттерді ұсынбақ.

Онлайн көрсетілімдердің репертуары ересектерге де және жас көрермендерді асқақ өнерге баулу мақсатында балаларға да лайықталған. Осылайша, елордалық театрдың музыкатанушылары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы жеткіншектердің назарына «Балаларға арналған классика», «Театрға саяхат» және «Балалар театрға шақырады» топтамаларынан бағдарламалар ұсынады, деп хабарлайды «Астана Операның» баспасөз қызметі.

Ал керемет балет спектакльдері ересектер аудиториясын тамаша көңіл-күйге бөлейді, атап айтқанда, олар «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Людвиг Минкустың «Дон Кихот», Адольф Аданның «Корсар», Фридерик Шопеннің музыкасына «Шопениана» және т.б. атақты хореографтардың қойылымдарындағы өзге де балеттерді тамашалай алады.

Опера жанры ұлттық және батыс еуропалық классика жауһарлары – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Джоаккино Россинидің «Жібек саты», Джаккомо Пуччинидің «Тоска» және т.б. опералармен кеңінен ұсынылған.

«Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың театрдың Үлкен залында жүзеге асырған «Италиядан келген хаттар» және дирижер Абзал Мұхитдин іске асырған «Жылдың сегіз мезгілі: Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолла» жобалары шілде және тамыз айларында көрсетілетін болады. Трансляциялар қатарына «Астана Опера» Камералық залында өткізілген тамаша концерттер де қосылады.

Ұлы ойшыл, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туған күні 10 тамызда көрермендер аудиториясына ұсынылатын Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсы осы жаздың ең айтулы онлайн оқиғаларының бірі болмақ.

TengriTV-дің дизайны өзгергенін атап өткен жөн, қазір ол пайдаланушылар үшін анағұрлым ыңғайлы: енді бұрынғыдай бір аптаға арналған трансляциялар кестесімен емес, бір айлық кестемен танысуға болады. Бұдан бөлек, оқырмандар өткізілетін күні мен уақыты көрсетілген сүйікті спектакльдерін тез әрі оңай тауып алулары үшін өздеріне «визуалдық кестені» сақтай алады.

Хабар 24 телеарнасы