426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абайдың қара сөздері украин тіліне аударылды

  • 206
  • UPD: 19:37, 17.07.2020

Қазақстанның Украинадағы елшілігінің ұйытқы болуымен Абай Құнанбайұлының қара сөздері украин тіліне аударылды, хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы жинақ болып жарияланды. Кітаптың тұсаукересі Тарас Шевченко атындағы Ұлттық мұражайда өтті. Қазақ диаспорасының өкілдері ақынның өлеңдері мен қара сөздерін көркемдеп оқыды. Украина тарабын ақынның шығармасымен таныстырды.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Хакім Абайдың қара сөздерін украин тіліне филология ғылымдарының докторы Николай Васькив бір жыл аударған. «Қазақ ақынының сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоймағаны таңқалдырды», дейді украиналық маман. Әзірше 500 данамен жарық көрген жинақ Ұлттық кітапхана мен мұражайларға табысталмақ.

Николай Васькив, кітап авторы:

- Абайдың қара сөздері жалпы адамзатқа айтылған. «Мен кіммін, өмірге не үшін келдім, қандай адаммын?» деген сұраққа жауап іздейді әрі өзектілігін әлі күнге дейін жоймаған, сонысымен де құнды.

Кітаптың тұсаукесері Канев қаласындағы Тарас Шевченко атындағы Ұлттық мұражайда өтті, дәл осы мұрағатта Қазақстан жайлы мол ақпарат жиналған. Украина ғана емес, қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне әрі қылқалам өнеріне өлшеусіз үлес қосқан украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченко саналы ғұмырының 10 жылын Қазақстан, оның ішінде Маңғыстау, Арал, Қаратау өңірлерінде өткізген. Бірқатар прозалық шығармалары мен өлеңдері, салған суреттері қазақтың тұрмысымен сабақтас.

Игорь Лиховой, Т.Шевченко атындағы ұлттық мұражайдың директоры:

- Дәл осы залда Қазақстаннан арнайы әкелінген біз үшін қымбат заттар бар. Белдік пен белбеу болсын, ыдыс аяқ пен жиһаздар қазақ тұрмысы мен мәдениетінен сыр шертеді. 150 жылдық тарихы бар заттар мұрағат төрінде сақтаулы тұр.

Кітап тұсаукесерінің рәсіміне осы елдегі қазақ диаспорасының өкілдері де белсене ат салысты. Олар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, іс-шараға келушілерді ақынның шығармасымен таныстырды.

Гүлназ Раш, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі:

- Біз бүгін жиналғанымызда киімімізді киіп, кішкене укриаиналықтарға көрсетейік дедік, бізде мынандай киім бар дегендей. Өйткені біз күнделікті оны кимейміз, өкінішке орай. Олар вишиванкаларын күнде-күнде киеді. Бізде көрсетейік деп едік әдемі ұлттық киімімізді. Әшекейімізді. Біздің арманымыз осы – Украинада көбінесе олар біздің тарихымыз бен мәдениетімізбен таныстырғымыз келеді. Тілімізді естісін деп.

Қазақ диаспорасының өкілдері «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сынды Абай өлеңдерін шырқап, Черкасс өңіріндегі әдемі кешті ән жолдарымен әрледі.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы