420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Азия дауысының» 20 жылдығын атап өтуді жоспарлап жүр еді – өнерпаздар Мұрат Ерғалиев жайлы

  • 328
  • UPD: 22:04, 18.07.2020

«Азия дауысы», «Жас Қанат» байқауларының негізін қалаушы, белгілі продюсер, тележурналист Мұрат Ерғалиев өмірден озды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ телевизиясы мен эстрадасына талай тың дүние әкелген марқұмның коронавирустан қайтыс болғаны расталды.

Мұрат Ерғалиев көпшілікке сонау 80 жылдары «Алматы достарын шақырады», одан кейін «Азия дауысы», «Жас қанат» секілді ән байқауларымен танымал. «Ол өмірге өте құштар азамат еді. Бір ай бұрын ғана телефон арқылы тілдесіп, 1 жарым сағаттай сөйлесіп едік. «Азия дауысының» 20 жылдығын жоғары деңгейде атап өтсек деген жоспары бар екенін айтып еді, әттең бұлай боларын кім білген» деп әнші қыз Мәдина Сәдуақасова көзіне жас алды.

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

– Мұрат Ерғалиевті өнердегі екінші әкем деп айтуға болады. Алғаш рет 19 жасымда сол кісілермен таныстым. Өте мәдениетті, білімді, талантты және қазақ эстарадасына нағыз жанашырлар. Және де инноваторлар. Көптеген жаңа дүниелер жасады. Сондықтан орны толмас қаза әрине. Барлық туысқанына, жақындарына көңіл айтамыз.   

90 және 2000 жылдар аралығында ән байқауларында талай жас әншінін жолын ашып, танылуына мүмкіндік жасады. Мұрат Ерғалиев – тәуелсіз қазақ елінде ең алғаш телевизияда музыкалық қызықты бағдарламалар жасаған жанның бірі. Ол өте еңбекқор адам еді дейді елімізге белгілі өнер жұлдыздары.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

– Оның жасаған жобалары біздің көңілімізден кетпейді. Біздің жүрегімізде. Оның жасаған еңбегін қазақ халқы жоғары бағалайды. Қазаларыңызға ортақпын. Мұрат біздің жүрегімізде мәңгілік.

Медеу Арынбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазақтың талай асылдарын арамыздан алып кеткен қатерлі індеттің құрасауынан Мұрат Ерғалиев те құтыла алмады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.

Хабар 24 телеарнасы