426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Пәленшеевтер» телехикаясы жаңа маусымда қайта эфирге шығады

  • 160
  • UPD: 22:59, 07.08.2020

Көпшілік көзайымына айналған «Пәленшеевтер» телехикаясы жаңа маусымда қайта эфирге шығады, хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, «Хабар» арнасынан телехикаяның үшінші маусымы көрсетіледі. Бұл жолы әзіл мен күлкіге толы фильмнің режиссері өзгерген. «Демек, көрерменге ұсынылатын  қызықты оқиғалар да өзгеше болмақ», - дейді түсірілім авторлары.

«Пәленшеевтер» отбасы қайтадан түсірілім алаңында. Жаңа маусым, жаңа хикаямен басталатын болды. Байқасаңыздар, актерлер құрамы да өзгерген. Телехикаяның бастауында тұрған режиссер да бөлек, мұндағы сценарий де өзгеше.

Шапағат Орынбаев, режиссер:

- Үш маусымда үш түрлі режиссер түсірді. Әркімнің өзінің қолтаңбасы бар. Ал, жалпы Пәленшеевтер өзінің әзілдеу стилі сол бір қалыпта болады. Көрерменге қалай ұнады, солай қалады. Ішіндегі кейбір персонаждарымыз жұмыс орнын ауыстырады. Кейбір персонаждарымыз мүлдем орын ауыстырады. Яғни, бір персонаж жаңадан келеді, бір персонаж отбасыдан кетеді.

Үй іші береке мен күлкіге толы Пәленшеевтер отбасына бұл жолы ауылдан қонақтар көп келеді. Әрине, әрқайсысының өз оқиғасы бар. Қонағын құт көрген шаңырақ, өзара келеңсіз жәйттерді де ақылмен шешудің жолдарын көрсетеді. Бірақ мұнда философиялық диалогтан гөрі, көрерменді күлкіге қарық қылар әзіл шыны аралас әңгіме көп. Қазыналы қариялары мен үлгілі ата-анасы, тәрбиелі балалары бар бұл отбасы, бүгінгінің айнасы іспетті.

Жасұлан Базарбек, актер:

- Енді бұл жерде барлығы өз ісінің мамандары. Мамандармен жұмыс істеген әрқашан өзіңе рахат. Мысалы, бала күннен армандаған, тек қана теледидардан көріп өскен Лидия Каденова, Бақытжан ағаларымыз бар мысалы. Жанар Айжанованың өзі не тұрады мысалы. Сол кісілердің қасында ойнаудың өзі бір бақыт қой. Бір импровизация жасай қойсаң, міндетті түрде жауап бере алады.

Комедия жанрындағы телехикая 30 бөлімнен тұрады. Әр бөлімдегі қызықты оқиғалардың толық нұсқасын жақында «Хабар» арнасының жаңа маусымынан көре аласыздар.

Авторы: Алуа Маханбет

Хабар 24 телеарнасы