421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абай әндері Мәскеуде шырқалды

  • 211
  • UPD: 15:57, 09.08.2020

Павлодар облысындағы Иса Байзақов атындағы филармонияның өнер ұжымдары Абай күні қарсаңында отандастарына тосынсый жасады, хабарлайды «Хабар 24».

Камералық хордың шағын құрамы мен «Самиян» вокалдық ансамблінің әншілері ұлы Абайдың әндерін Мәскеудің төрінде қазақ тілінде шырқады. «Жаз дауысы» атты бүкілресейлік онлайн байқауда әртістер қауымы екі бірдей бас жүлдеге ие болды. Карантин кезінде дайындықтарын үзбей, жеңіске жетіп жүрген әншілермен арна тілшісі Ақмарал Есімханова жүздесті.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Әлеуметтік арақашықтық, бетперде кию. Әншілер қауымы дайындық барысында осындай тәртіпті қатаң сақтаулары шарт. Өнер адамдары үшін бұл біршама ыңғайсыз болса да, шығармашылық жұмыс бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Десе де, карантин кезінде дайындықтардың басым бөлігі онлайн форматта жүргізіледі. Бұған қарамастан, камералық хор мен «Самиян» вокалдық тобының мүшелері халықаралық байқауда қарсыластарына дес бермеді.

Гран-приге ие болған қос ұжымға халықаралық байқаулардың жүлдегері Мадина Нұрғожинова жетекшілік етеді. Дарынды жастардың тынымсыз еңбегінің арқасында павлодарлық әртістер Беларусь, Ресей мен Израильдің үздік ансамбльдерінің ішінен үздік шықты.

Мәдина Нұрғожинова, И.Байзақов атындағы облыстық филармониясы «Samiyan» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Абай әндері – өшпес мұрамыз. Ұлы тұлғаның мирас еткен әндері мен шығармалары ұрпақтан ұрпаққа дәріптелуі керек. Сондықтан да Ұлы ақынымыздың шығармашылығын әлемге тағы бір мәрте паш еттік. Бұл кез келген қазақ әншісінің міндеті деп ойлаймын.

Жоғары деңгейдегі хорлық орындау мен көпдауыстылық жеңіске жетеледі. 18 адамнан құралған камералық хор қазақ әндерін тамылжыта шырқаса, «Самиян» тобының күміс көмей әншілері Абай әндерін түрлендіре шырқады.

Бағлан Тойбеков, халықаралық байқаулардың жүлдегері:

- Ұлы Абай ақынның әнін орындамасақ, әнші әнші емес деп ойлаймын. Сондықтан Ұлы Абайдың әнін сонау Мәскеудің төрінде орындап, осындай жүлделі орынға ие болдық. Қуаныштымын.

Карантиндік жағдай өнер адамдарының жұмысына кедергі болмады. Керісінше, ынталандырып, тәртіпке шақырды. Шығармашылық ұжымдар қашықтықтан дайынладуға бейімделіп, онлайн-концерттер жүргізуге де машықтанды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Карантин кезінде Ертіс өңіріндегі барлық мәдени ошақтары жабық тұр. Есесіне, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, бұл концерттік залдың сахналық жүйесі толық алмастырылуда. Ал әртістер қауымы болса, киелі сахнамен қауышуды тағатсыздана күтуде.

Карантин аяқталғанша әртістер онлайн режимде жұмыс істей бермек. Жастардың филармонияны сағынғандары соншалық, Ертіс жағасындағы осы сахнаға жиі келуді әдетке айналдырған.

Бағлан Тойбеков, халықаралық байқаулардың жүлдегері:

- Карантин ынталандырды, шынымызды айтсақ. Бірақ бетпе-бет жүздесіп, көріскендегі дайындыққа жетпейді, әрине. Амал қанша, әнші болғаннан кейін бізге жатып қалуға болмайды. Сахна, шіркін-ай, киелі ғой. Сағынғанда қандай! Арасында сахнаны, Instagram парақшаны ақтарып отырамыз. Сахнада кейінде бір жыл бұрын, жарты жыл бұрын орындаған әндерімізді тыңдап, микрофонды сағынамыз.

Ерболат Аралбаев, Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының солисі:

- Сахна деген шабыт қой. Карантин кезінде сахнаны әбден сағындық. Карантин кезінде даладағы сахнада да ән шырқағымыз келеді. Былтырғы жылы бұл жерде көптеген концерттер ұйымдастырылды. Сол күндер оралса ғой.

Әртістер қауымының алдағы күнге межелеген жоспарлары көп. Онлайн-концерттер ұйымдастырып, халықаралық байқауларға қатысуға да ниетті.

Авторлары:Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы