432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


10 тамызда елімізде алғаш рет Абай күні атап өтіледі

  • 288
  • UPD: 20:44, 09.08.2020
10 тамызда елімізде алғаш рет Абай күні атап өтіледі

Ертең елімізде алғаш рет Абай күні атап өтіледі. Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді.

Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтпек.  Мәдениет және Спорт министрлігі өзінің ресми сайтында осындай ақпарат жариялады. Ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорығында басталады. Мұнда «Хәкім Абай» атты арнайы әзірленген бағдарлама тікелей эфирге шығады. Бұдан соң өңірлерде танымал мәдениет және өнер қайраткерлері ақынның шығармаларын оқиды. Сондай-ақ «Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат» атты халықаралық конференция өтеді. Ең ауқымдысы осы. Оған танымал ғалымдар мен абайтанушылар қатысады. Бұдан басқа Абай қорық музейі мен «Абай-Шәкәрім» кесенесіне онлайн экскурсия жасауға болады.

Абай қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің сегіз тілінде оқылмақ. Осы мақсатта «Abai World Challenge» атты бейнемарафон ұйымдастырылады. Челленджге əлемнің түкпір-түкпірінен ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады. Ал ең бастысы, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Президент те осыны қадап тапсырған еді. Министрлік өкілдері осылай дейді.

Хабар 24 телеарнасы