431,68 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Нығматулин: Абай мұрасы – қазақ халқының сан ғасырлық даналығының көрінісі

  • 279
  • UPD: 14:09, 10.08.2020
Н.Нығматулин: Абай мұрасы – қазақ халқының сан ғасырлық даналығының көрінісі

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қазақстандықтарды тұңғыш рет атап өтілетін Абай күні мерекесімен құттықтады.

Бұл туралы өзінің twitter парақшасында жариялады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

«Барша қазақстандықты биыл тұңғыш рет атап өтілетін Абай күнімен құттықтаймын! Абай мұрасы – елімізді, халқымызды әрқашан жаңашылдыққа, әділдікке, ғылым-білімге, өркениетке жетелейтін баға жетпес құндылық. Елім, жерім дейтін әрбір азамат үшін Ұлы ақынның өсиетін білу – қасиетті парыз», - деп жазды.

Одан әрі Мәжіліс төрағасы дәл бүгін Ұлы ақын, данышпан ойшыл, ұлтын ұлылыққа үндеген дара тұлға Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толғанын алға тарта келіп, Абай күні мерекесінің маңыздылығына тоқталды.

Осы орайда Нұрлан Нығматулин ел басшылығы әрқашан Абай мұрасы арқылы еліміздің рухани бағытын дамытуға зор көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Абайды қазақтың бойтұмары ретінде, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайды рухани реформатор ретінде дәріптеп, Қазақстан қоғамын Абай ұстанымына сай дамыту қажеттігі туралы бастамасы дәлел деуге болады.

Мәжіліс спикерінің пікірінше, қазақ халқының сан ғасырлық даналығының көрінісі саналатын Ұлы ақынның бай мұрасы – еліміздің рухани дамуының негізі.

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, адамзаттың Абайы атанған ұлы кемеңгердің асыл сөздері бүкіл әлемге ортақ құнды қазына. Ал туған халқы үшін Абай өсиеті –адамгершілік асыл қасиеттерді биік ұстай отырып, алға жетелеуші рухани зор күш. Сонымен бірге қазақстандықтарды ортақ мақсатқа біріктіре отырып, өркениет биігіне жетелейтін жарық жұлдыз екені сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы