432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің әр аймағында Абайдың 175 жылдығы аталып өтті

  • 299
  • UPD: 22:50, 10.08.2020

Сөзі қазақтың бойтұмары, мұрасы қазақтың қазынасына айналған ақын Абайды ұлықтау шарасы еліміздің әр аймағында ұйымдастырылды, хабарлайды «Хабар 24».

Қызылорда облысында «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» атты республикалық онлайн конференция өтті. Таразда тарихи тұлғаның шығармаларынан радиоконцерт ұйымдастырылды. Оралдықтар Абай күнін Абай алаңында атап өтіп, жастар жыр оқудан жарысты. Ал, қарт Каспийдің жағалауында ақынның суреті салынып, шығармалары жазылды.

Қызылорда облысында Абай оқулары мен халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклінің онлайн көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында онлайн форматта Абайдың қара сөздерін оқудан челлендж өтті. Жалпы Сыр өңірінде 4 білім беру ошағына, 86 көшеге Абай есімі берілген. Жаңа оқу жылында «Мұрагер» мектебіне де ұлы ақынның есімін беру жоспарланған. Білім ошағында Абай мұралары жинақталатын болады.

Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні біздің 3 тілді дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде Абай Құнанбаев атамыздың атын беру жоспарлануда. Қазіргі таңда осы мектепте «Абай» сыныптарын ашу, барлық лицей сыныптарының барлығын гимназияға ауыстыра отырып, гуманитарлық бағытқа бұрып, балаларды Абай атамыздың жолымен жүргізу мақсатында үлкен тарбие ошағына мән беріліп отыр.

Жамбылдықтар да Абай күнін кең көлемде атап өтті. Қала жұрты жиылып, ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Радиоконцерт пен кітап көрмесі тарихи тұлғаның шығармаларына арналды. Облыстық кітапханада шетел тіліне аударылған жаңа жинақтар көпшілікке жария етілді.

Хамит Есаман, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы облыстық филиалының директоры:

- Әрбір буын Абайдан өзіне керегін алады. Өзіне керегімен тәрбиеленеді. Өйткені Абайдың өлеңдері де, қара сөздері де бұл қазақтың болмысынан, қазақтың руханиятынан хабар береді. Бұл деген ұлттың ұлы руханиятына көрсетіліп отырған құрмет. Сондай-ақ жас ұрпақты, келешек ұрпақты тәрбиелеуде де маңызы зор бастама. Маңызы зор шешім есептейміз.

Енді Абай Құнанбайұлының шығармаларымен қарт Каспийдің жағалауында жүріп танысуға болады. Ақтауда теңіз жағасында орналасқан қабырғаларға графити үлгіде ұлы ақынның бейнесі мен өлеңдері және қара сөздері жазылды. Бұл – аймақ жастарының қала тұрғындарына тартуы. Абай шығармаларының үзінділері әзірге 20 метр жерге жазылды. Алдағы уақытта жағалауда сөзі – қазақтың бойтұмары, мұрасы – қазақтың қазынасына айналған ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін түрлі композициялар салынады.

Абылай Фазылбек, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Бұл – Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» жастар қанаты Маңғыстау облысы бойынша филиалының қала тұрғындарына тартуы. Бас ақынның бейнесі бейнеленген теңіз жағалауы ойлы жастарды бас қосатын орнына айналары сөзсіз. Бұл жерге демалуға келген әрбір тұрғын ақынның шығармашылығымен танысып, рухани демалады деген сенімдеміз.

Талдықорған төрінде де ұлы ақынның суреті салына бастады. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды. Ерекше туынды Қаратал ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің бір жақ қабырғасына бейнеленеді. Графикалық кескін оюмен өрнектелген. Ғұлама, ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай өңірде «Абай өлеңдерін оқу» эстафетасы да бастау алды. Оған қарапайым тұрғындар, мемлекеттік мекеме өкілдері мен жастар қатысып жатыр. Жыл басынан бері аймақта ақындар мүшәйрасы өткізіліп, үздік деп танылған туындылар  «Адамзаттың Абайы» деген жыр жинаққа енгізіледі. Жалпы осы уақытқа дейін облыс аумағында 30-дан аса әртүрлі мәдени көпшілік шара өткізілген.

Еркеғали Мейрамұлы, суретші:

- Түнде бастадық. Үш сағаттай уақыт кетті. Енді екі бояу жұмыстары қалды. Оған екі аптадай уақыт керек.

Батыс Қазақстан облысының халқы да Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған шаралардың бел ортасынан табылды. Орал қаласының қақ ортасындағы Абай алаңында бұл күні жырсүйер жастар өлең оқыса, ақын мұрасы бедерленген ескерткіш тақталар да көпшілік көңілінен шықты. Ал, қалалық орталық кітапханада ақын шығармашылығын зерделеушілер үшін «Абай залы» есігін айқара ашты. Шара барысында ақын өлеңдерін оқу сайысының  жеңімпаздары да марапатталды. Бұл сында ҚазМҰУ студенті Лунара Ертаева бас жүлдеге лайық деп танылса, 8 жасар Мерхан Темірхан ең жас қатысушы аталымына ие болды.

Мира Шүйіншәлиева, жазушы:

- Абай – қазақ! Абай, ұлт, Абай дана, ойшыл. Абай – рух. Абайдың пәлен ғасыр жазып кеткен жырларымен біз әлі тыныстап, біз әлі еңбектеніп, дара да дана тұлғаның ойымен өмір сүрудеміз. Бүкіл Ақжайық өңірі, халқы бүгін Абайға гүл шоғын қойып, бүгін Абайым дейді. Абай еш уақытта біздің жүрегімізден, елдің, халықтың, алаштың жүрегінен қалғымайды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева аймақтардағы тілшілердің көмегімен

Хабар 24 телеарнасы