432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік іс-шара өтті

  • 554
  • UPD: 00:09, 11.08.2020

Түркістан қаласындағы Жеңіс саябағында Абай күні аталып өтіп, ерекше шараға ұлы ақынмен аттас 10-нан аса азамат қатысты, хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында есім-сойы Абай Құнанбайұлы дегендері де бар. Ұлы ақынның есімін алған азаматтар Абай атын алып жүрудің қандай жауапкершілік жүктейтінін біле ме екен?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мына жеті жасар кішкентай баланың аты-жөні – Абай Құнанбайұлы. Отбасындағы үш баланың үлкені. Ойын баласы болса да, ата-анасы өзіне ұлы ойшылдың есімін бергенін жақсы түсінеді. Жүрегімен сезінеді. Сондықтан қазірден бастап жақсы атқа лайық болуға тырысып жүр. «Үлкендер аты-жөнімді естігенде батасын береді» дейді өзі.

Абай Құнанбайұлы, кішкентай Абай:

- Өмір жасың ұзақ болсын. Абай сияқты ақын бол, үлкен бол. Дана бол, көсем бол деп айтады.

Кішкентай Абай Абай атасының өлеңдерін жатқа біледі. Арқалы ақындарша екі қолын сермеп қойып, өлеңді нақышына келтіре оқиды.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Хакім Абайдың есім-сойын алған мына жігіттің жасы 28-де. Өзі темір жол саласының маманы. Үнемі жолда жүргендіктен, аты-жөніне таңырқайтындар көп екен. Өзі ұлы ақынмен аттас болудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін және үнемі игі істерге ұйытқы болатынын айтады.

Абай Құнанбайұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Құнанбайұлы дегенді естігенде көбі қатты таңғалады. Сеніңкіремей, қайтадан сұрап, құжатыңызды көрсек бола ма деп жатады. Абай есімін алып жүргеннен кейін өзіңді кішкене басқаша сезінесің ортада. Сабырлы болып, әрнәрсеге әділдікпен, адалдықпен қарайсың. Ешкімнің алажібін аттамау, Абай есіміне кір келтірмеу деген сияқты ойлар болады.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Жеңіс саябағында өткен «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік шараға ақынмен аттас 10-нан аса азамат қатысты. Жалпы еліміз бойынша 17 мыңнан астам Абай есімін иеленген азамат болатын болса, соның 2100-і Түркістан облысында тұрады екен. Сондай-ақ жиын барысында ұлы ойшылдың «Толық адам» ұғымы, адамзаттық кісілік, адамгершілік, адалдыққа шақырған еңбектері кеңнен насихатталды.

Дәурен Сариев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай күнін белгілеу тарихи шешім болды. Абайды өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру және Абайды тану мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Абай есімін алған азаматтарға өздері қандай ұлы тұлғаның есімін алғанын айтып, түсіндіру.

Табиғат аясында өткен мерекелік шара барысында ұлы ақынмен аттас азаматтарға Абайдың қара сөздері мен өлеңдері топтастырылған жинақ табыс етілді. Кеш соңында хакім Абайдың өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы