429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақфильмдегі» өрт. Сатаев кімнен сезіктеніп отыр?

  • 295
  • UPD: 00:43, 16.08.2020

«Қазақфильмдегі» өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Киностудия басшысы Ақан Сатаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында осылай деп жазды. Кеше түнде мұнда 600 шаршы метрге жуық аумақ отқа оранып, декорациялар жанып кеткен еді. Өрттің себеп-салдарын мамандар анықтап жатыр.

Сау тамтығы қалмаған нысан көпшілікке жақсы таныс «Қазақ хандығы» фильмінің декорациясы. Бұл жерде «Көшпенділер», «Батыр бабалар» сынды көптеген тарихи фильмдердің негізгі эпизодтары түсірілетін. Өрттің шыққаны туралы хабар қалалық өрт сөндіру қызметіне кеше кешкі сағат 21:33-те хабарланған. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар аумағы 400 шаршы метр болатын оттың одан әрі өршуіне жол бермей сөндіріп үлгірді. Ал «Қазақфильм» басшысы Ақан Сатаев апат әдейі жасалған деп күдіктенеді. 

Ақан Сатаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ директоры: 

- «Қазақ хандығы» декорациясы түгел өртеніп кетті. Бұл қасақана жасалған қылмыс. Сондықтан қылмыскерлерді ұстаймыз деп ойлаймын. 

Тарихи декорация мен кино түсіруге арналған бұйымдарды өрттен құтқару ісі жарым түнге дейін жалғасты. Жалынмен арпалысуға 53 өрт сөндіруші мен 16 арнайы техника тартылды. Қазір өрттің неден шыққанына байланысты тергеу амалдары басталды. 

Гүлдана Нұрымбетова, Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі: 

- Арнайы сараптама тағайындалды. Департамент полицияның жедел-тергеу тобы және өрт зертхана лаборатория зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Материалдар қалыптастырып әрі қарай полиция департаментіне жіберілетін болады. 

Киностудия директорының айтуынша, шығын мөлшері аса көп емес. Ақан Сатаев кінәлі адамдардың ұсталатынына сенімді. Ал төтенше жағдай қызметі сараптамалық-зерттеу қорытындысы 1 айдан кейін дайын болуы ықтимал дейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов

«Қазақфильмде» бірқатар фильмнің реквизиттері күлге айналған

Хабар 24 телеарнасы