420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақфильм» өртті күзет компаниясының осалдығынан көріп отыр

  • 169
  • UPD: 21:10, 18.08.2020

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік қоғамы күзет компаниясымен келісімін бұзуы мүмкін.

«Ірі нысанды қорғауына алған компания тендерді ұтып алғанымен өз жұмыстарын тиянақты атқара алмады» дейді киностудия өкілдері. Бұған себеп киностудия аумағында болған  бір емес, екі өрттің өршіп, маңызды нысандарды күл-талқан етуі.

Алдын ала есеп бойынша «Қазақфильм» киностудиясында болған өрттің салдарынан қазақ киносының қара шаңырағына  49 млн теңге зиян келіп отыр. Тек алғашқы өрт шыққан ағаш қоймасының шығыны 1,5 млн теңгеден асады.   

Алуа Маханбет, тілші:

- Жұма күні өртенген екінші ошақ алаңы міне осы. Бұл «Қазақ хандығы» тарихи фильмі үшін арнайы жасалған «Шайбани шах сарайы»  декорациясы болатын. Декорация алаңы 200 шаршы метрден асатын еді. Бірақ бүгінгі жәй-күйі міне осы. Арада 4 күн өтіп, жаңбыр жауғанымен күйік пен ыстың иісі әлі де мұрын жарады.  

«Шайбани шах сарайы» кезінде 47 млн теңгеге бой көтерген екен. Әрине бұл декорация әлі талай туынды түсіруге жарайтын еді.

«Бірақ оны қайта жасау әзірге жоспарда жоқ» дейді киностудия өкілдері. Бір қызығы, бұл декорация алаңы алғашқы тұтанған өрт ошағынан 300 метр қашықтықта жатса да 20 минуттан кейін  өртке оранған.

Бауыржан Үсенов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің бас менеджері:

- Біздің болжамымыз бойынша бұл қасақана жасалған деп ойлаймыз. Себебі жаңағы бірінші өрт болған жер ағаш қоймасында жанғыш заттардың болмағаны және ол жерде электр жүйелері тартылмаған. Сондықтан сол жерде өрт өздігінен пайда болды деген фактіні әрине біз де сонымен қатар полиция қызметкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері жоққа шығарып отыр.  

Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Енді 16 гектар жерді алып жатқан киностудияның аумағына кіріп шығуды қадағалау күшейетіні анық. Себебі осы күнге дейін киностудия аумағында бақылау камералары орнатылмаған. Осы жағдайдан кейін маңызды нысанды қарайтын күзет компаниясымен де келісім-шарт бұзылуы мүмкін. Себебі олар аумақты тәуілігіне бірнеше рет арнайы үйретілген иттермен бақылап шығулары керек болатын.  «Бірақ осал атқарылған жұмыстың салдарынан осындай жағдайға тап болдық» дейді киностудия   өкілдері. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы