426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық сценарист Британиядағы фестивальде топ жарды

  • 175
  • UPD: 13:49, 20.08.2020
Қазақстандық сценарист Британиядағы фестивальде топ жарды

Ұлыбританияда Еуразиялық Шығармашылық Гильдия кинофестивалінде қазақстандық автор Зәуре Төреханованың «Жібек құртының ұясы» шығармасы «Үздік сценарий» номинациясында топ жарды. Оның еңбегін қазылар алқасы фэнтези жанрындағы бірегей туынды ретінде бағалаған. 

Зәуре Төреханова балалар жазушысы, сценарист. Банктегі қызметін тастап, шығармашылықпен айналысқанына көп уақыт бола қоймаған. Соның өзінде бірнеше қазақстандық әдеби байқаулар мен сыйлықтардың лауреаты атанып үлгерді. Енді міне Зәуре халықаралық деңгейде танылып отыр. Пандемияның кесірінен ол, өкінішке орай, марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, оқиға өрбіген сценарий сюжетінде сиқырлы әлем кейіпкерлерінің образдары керемет суреттелген.  

Спенсер Хоукен, қазылар алқасының мүшесі:

- Сценарий бірегейлігімен таңқалдырады. Жан-жақты ізденіс байқалады. Шығарма фэнтези жанрында бүге-шүгесіне дейін суреттеледі. Мұндай тамашаны сирек кездестіресің.

Қазақстандық режиссерлер мен сценаристердің тағы 3 еңбегі фестивальдің финалисі атанды.

Айта кету керек, Еуразиялық шығармашылық гильдия кинофестивалі - Еуразиялық кинематографтың ағылшын тілді кеңістікте таралуына себепші болып жүрген аз шаралардың бірі. Биыл пандемияға қарамастан ұйымдастырушылар шараны онлайн емес, дәстүрлі форматта өткізіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы