420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Операда» Конституция күніне арналған онлайн концерт өтеді

  • 148
  • UPD: 15:22, 27.08.2020
«Астана Операда» Конституция күніне арналған онлайн концерт өтеді

Бағдарламада қазақ халық әндері, Отан туралы патриоттық және лирикалық композициялар бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Астана Опера» Tengri TV мен театрдың YouTube арнасынан ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік концертті ұсынбақ.

«Барша қазақстандықтарды театрымыздың опера труппасы солистерімен әзірленген керемет концертті тамашалауға қуана-қуана шақырамыз. Карантин кезінде, өкінішке орай, бұрынғыдай мерекелік іс-шараны өткізу мүмкіндігіміз жоқ, алайда онлайн-бағдарлама көрермендер аудиториясына тамаша көңіл-күй сыйлайды деген сенімдеміз. Сөзсіз, Конституция күні – Қазақстандағы басты мемлекеттік мерекелердің бірі, мемлекеттігіміз бен қоғамдағы өміріміздің негізін нығайтқан еліміздің Ата заңын қадірлейміз, құрметтейміз. Осынау керемет күні қазақстандықтарға келісім мен тұрақтылық тілейміз, әрбір шаңырақта береке-бірлік, бақыт пен шаттық орнасын, ал Отанымыздың гүлденуі үшін жаңа жеңістерге деген ұмтылысымыз зор жетістіктерге жеткізе берсін», – деп тілегін білдірді «Астана Опера» опера труппасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Осы кеште дарынды әртістер – Жанат Шыбықбаев, Жан Тапин, Меир Байнеш, Бейімбет Таңарықов, Айзада Қапонова, Салтанат Мұратбекова, Бибігүл Жанұзақ, Жәмиля Жарқымбаева, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Рамзат Балакишиев, Назым Сағынтай, Ержан Саипов, Ғалия Байғазинова, Курванжан Ахатов, Жанар Ахметова, Раушан Бескембирова, Ирина Кургузкина және т.б., сонымен қатар «Dolce» ансамблі өз өнерлерін онлайн паш етпек.

Сан алуан бағдарламаға қазақ халық әндері, Отан туралы патриоттық және лирикалық композициялар енді. Қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымақтастығы туралы жырланатын осынау авторлық әуендердің көпшілігі халықтың қазынасына айналып үлгерген.

«Аталмыш концертте мен халық әні «Ақбақайды» орындаймын. Дайындыққа асқан ынтызарлықпен араластық, себебі бәріміз де сахнамызды, шығармашылығымызды сағынып қалыппыз. Концертке дейін біраз уақыт бұрын концертмейстер Раушан Бескембировамен дайындығым болды, кейін басты дайындық пен ең жауапты сәт – музыкалық кеш өтті. Өнерсүйер қауым «Астана Опера» әншілерінің шығармашылығынан, мейлі ол онлайн болса да, ләззат алса деймін, алайда карантин жақын арада аяқталатынына сенімім мол және біз қайтадан шығармашылығымыздың жанкүйерлерімен жаңа сегізінші маусымда қайта қауышамыз», – деп атап өтті «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин.

Концерттің онлайн көрсетілімі 29 тамыз күні сағат 18.00-де өтеді.

Хабар 24 телеарнасы