426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әбілхан Қастеев туындылары Армения ұлттық галереясында тұр

  • 128
  • UPD: 13:34, 28.08.2020

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев туындылары Армения ұлттық галереясында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі бірдей суреті жергілікті жұрттың игілігіне айналған. Қастеев қылқаламынан шыққан мұра Ереванға 60 жыл бұрын әкелінген.

Қазір мен сіздерге Әбілхан Қастеев еңбектері сақталған қорапты көрсетемін. Сыртына мән бермеңіз. Ауаның әсерінен оның түсі өзгерген. Бірақ ішіне салынған мұраны жақсы сақтайды. Туындыларды қорапқа салуымыздың себебі – керек кезде іздеп табу оңай әрі ыңғайлы. Оның үстіне рет-ретімен тұрғаны да қолайлы.

Гоар Черемян 30 жылдан бері Арменияның Ұлттық галереясында жұмыс істейді. Негізгі міндеті – құнды экспонаттардың жақсы сақталуын қамтамасыз ету. Айтуынша, Әбілхан Қастеевтің еңбектері Гоар галереяға келмей тұрып болған. Сондықтан қазақ суретшісінің акварельмен салған шығармалары жайлы ол каталогтағы деректерге қарап айтып берді. Черемян екі картина 1952 жылы Мәскеуден жеткізілген дегенді айтты.

Гоар Чеменян, Армения ұлттық галереясы графика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:

- Кезінде Кеңес одағы құрамына кірген 15 мемлекеттің суретшілері ара-тұра өз туындыларымен алмасып тұратын. Сондықтан мына екі туынды бізде сақталған. Өздеріңіз білетіндей, соңғы уақытта көрмелер өтіп жатқан жоқ. Ал мына картиналарға келер болсақ, олар соңғы рет көпшілік назарына Кеңес одағы заманында ұсынылды. Көрмеге қойылып болған соң олар дереу қорға қайтарылып, бірден қорапқа салынатын. Өйткені күннің көзі жеп, оңып кетеді ғой. Жалпы галерея коллекциясына келер болсақ, біз оны мақтан тұтамыз. Кеңес одағы заманында үздіктер қатарында болатын.

Баянауыл сұлулығын бояу тілімен жеткізген картинаны Әбілхан Қастеев 1948 жылы салды. Ал таудан аққан өзеннің көрінісі суреттелген екінші шығарма Қастеев қылқаламынан одан 4 жыл ерте шығыпты. Ғасырға жуық тарихы бар бұл туындылардың жақсы сақталғаны соншалық, олар небәрі бірнеше жыл бұрын ғана салынғандай.

Гоар Чеменян, Армения ұлттық галереясы графика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:

- Бөлмеде ауа ылғалдылығын бақылайтын құрылғы болмағандықтан, оны үнемі желдетіп тұрамыз. Ол картиналардың жақсы сақталуы үшін қажет. Бастысы, кенеп бүлінбеуі керек. Егер туынды бұзыла бастаса, оны реставрацияға апарамыз.

Гоар Чеменян келешекте қазақстандық әріптестерімен кездесіп, сөйлескенді армандайды. Бүгінгі өнертанушылар өзара ынтымақта болып, картиналармен алмасып, бірлесіп көрме өткізуі тиіс дейді. Әріптестік байланыс әбден керек екенін тілге тиек етіп. Қастеевтің ғажайып туындылары мен оған қызығушылық танытқан армян қауымы Нұрсұлтан мен Ереван арасын жалғайтын жаңа мәдени көпір болуы керек дейді ол. Айта кетейік, Галереяда жөндеу жұмыстары аяқталған соң Әбілхан Қастеевтің акварель туындылары қайтадан көрмеге қойылады. 

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы