428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде «Абайды тану – өзіңді тану» атты әдеби жинақ жарық көрді

  • 198
  • UPD: 13:55, 28.08.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ерекше үлес қосып, Абай Құнанбайұлының мұрасын дәріптеуге атсалысқан шетелдік ғалымдар мен аудармашыларды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірқатар елдің жазушылары мен әдебиетшілеріне жоғары дәрежелі қошемет көрсетілді. Ал Мәскеуде ұлы жазушыға арналған әдеби жинақ жарық көрді.

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Мәскеуде «Көркем әдебиет» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин марапатталды. Салтанатты іс-шара қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай өткізілген жиында табыс етілді.

Георгий Пряхин, «Художественная литература» баспасының бас редакторы:

- Бұл – қазақ классигінің мерейтойы. Ол – қазаққа ғана емес, әлемге ортақ тұлға. Осы күнге орай Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің атсалысуымен «Абайды тану – өзіңді тану» атты әдеби жинақты басып шығардық.

Жинақта әдебиеттанушы Виктор Шкловский аударған хакім Абайдың қара сөздері мен Қазақстан және Ресей филологтарының Абай, Пушкин, Толстой және Достоевский шығармалары туралы ой-пікірлері берілген.

Юрий Козлов, «Роман-газета» журналының бас редакторы:

- Ресейлік әдебиеттанушылар мен баспалардың Абай шығармашылығына қызығушылық танытуы түсінікті. Себебі оның шығармасы – тұнған даналық, таусылмас қайнар көз.

Кирилл Привалов, жазушы:

- Абай – бұл мұқым бір әлем синонимі, еуразиялық әлем мәдениеті. Абайдың арқасында біз қазақ мәдениетінің қыр-сырын терең түсіне аламыз.

Қазақ классигі жайлы Ресейдің «Көркем әдебиет» баспасынан шығатын жаңа кітаптың алғашқы 100 данасы қыркүйек айында жарық көреді. Жақында Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесінде кітаптың таныстырылымы өтеді.

Авторлары: Дана Нуржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы