421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театр басқа ғимаратқа көшіріледі

  • 182
  • UPD: 09:51, 29.08.2020

Бас шаһардағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры жаңадан салынған зәулім ғимаратқа көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Сәні мен салтанаты жарасқан жаңа нысан тек көрермендер үшін ғана емес, бүтін бір мәдениет саласына қызмет ететін бірегей нысан болады», - дейді өнер майталмандары.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қалибек Қуанышбаев атындағы елордалық қазақ драма театры жаңа ғимартқа қыркүйек айында көшеді. Нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген соң әртістердің қатары артпақ. Себебі, театр ұлттық мәртебе алуы мүмкін.

Талғат Теменов, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Бұл – қазақ өнерінің үлкен тойы. Еуразиялық кеңістіктегі қуаныш. Театр ғимараты сәулет өнерінің керемет туындысы. Егер біз ұлттық статус алатын болсақ, ол әңгіме де айтылып жатыр. Ендігі біздің жұмысымыз – көрерменге жақсы ой салатын туындылар тарту.

Театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов өнер иелерінің әлеуметтік мәселелері де оң шешіле бастағанын айтады. Осыдан 1 жыл бұрын ол Президенттің қабылдауында болып, толғандырған түйткілдерді жеткізген еді. Көп ұзамай Мемлекет басшысының Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдау тетіктері жарияланды. «Ең алдымен еңбекақылары өсіп, білім беру, денсаулық сақтау салалары секілді әлеуметтік жеңілдіктермен қамтылады», - деген еді Президент.

Талғат Теменов, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Президентіміз мені қабылдап, ашық-жарқын әңгіме болды. Сол кездесуде бүгінгі театр әртістерінің жалақысы төмен екені айтылды. Және сол мәселе бойынша Мәдениет министрлігіне осы талап қойылды. Бұл үлкен қуаныш. Мынадай инфляцияның кезінде. Бұл мемлекеттің өнерге дейтін жанашырлығы.

Дегенмен, театр жаңа ғимаратқа көшкен соң Қалибек Қуанышбаевтың есімін иемденбей қалуы мүмкін. Өнер иелері осы жайтқа алаңдайды.

Тілектес Меймаров, Қазақстанның халық әртісі:

- Бұл мәселе талқылауға жатпайды. Жаңа ғимаратқа барғанда Қалибек Қуанышбаев есімі түсіп қалмаса екен. Кезінде оны «қазақтың бас актері» деді. Әрине, бәріне, барлық осы театрды ашқан адамдарға құрметпен қараймыз. Дегенмен, оның орны ерекше. Осы жиналыста бәрі бізді қолдады.

Айта кетейік, Қалеки театрының қазіргі ғимараты өнер саласы үшін қызмет ете бермек. Мұнда келер жылы жаңадан құрылатын балалар мен жасөспірімдер театры орналасады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсебаев  

Хабар 24 телеарнасы