426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театры жаңа қойылымдарға дайындықты бастады

  • 132
  • UPD: 10:59, 31.08.2020

Бүгіннен бастап мәдениет нысандары да жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен қызметкерлер мен келушілерге қойылатын талап бар. Орын 1 адамға 5 шаршы метрден есептелуі тиіс. Ғимараттың толымдығы 50 проценттен аспауы қажет. Ұжымдық дайындыққа 30 адамнан артық қатысуға болмайды. Санитарлық эпидемиологиялық талапты сақтау міндетті. Наурыз айынан бері тек онлайн жұмыс істеген «Астана Опера» театрының ұжымы көрерменге жаңа қойылымдар дайындап жатыр.

Көрермен залы алты айға жуық уақыт бос тұрды. Сахнада онлайн көрсетілімдер ғана ұйымдастырылды. Қызметкердің көбі қашықтан жұмыс істеді. Өнер иелері оқшауланып отырған халықтың көңілін серпілтер онлайн концертті жиі өткізді. Енді карантин шаралары жеңілдегеннен кейін, ұжымдық дайындықты бастады. Балет труппасы жаңа қойылым дайындап жатыр. Залда әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті. Әрі жиі желдетіп, жиі тазалап отырады.

Айжан Құрманғалиева, «Астана Опера» театры директорының орынбасары:

– Сегізінші театр маусымға қызу дайындықты қайта жалғастырдық. Театрға кіреберісте арнайы қызметкерлер қонақтарды күтіп алады. 1,5 метрлік арақашықтық сақталуы тиіс. Санитайзерлер қойылады. Көрермен маска тағып келуі тиіс. Кірген бойда денеқызуы өлшенеді. Дене қызуы жоғары адам анықталса, олар бөлек ескі арқылы шығады. Көрерменге қызмет көрсету департаменті санитарлық талаптың сақталуын қадағалап тұрады.

17 тамыздан бастап ұжымның 30 проценті жұмысқа шыққан болатын. Енді қалған қызметкерлер кезең-кезеңмен жұмысын жалғастырады. Театрда қазір қызу тірлік басталған. Қыркүйектің он сегізінде көрерменді гала концертпен қуанпақ.

Тұрсынбек Нұрқалиев, балет труппасының директоры:

– Абай атамыздың мерейтойына қатыса алмадық.  Жағдай оңалса, желтоқсанға қарай концерт беретін шығармыз. Өзіміздің театрымыздың балеттерін, операларымызды шығарамыз.

Жалпы труппа 12 балет дайындап қойған. «Дала аңызы» деген күрделі қойылым дайындап жатыр. Жақында қойылымдарға билет сатыла бастайды. Билетті онлайн немесе театр кассасынан алуға болады. Сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрімен салынған, Орта Азиядағы ең ірі театрдың ұжымы көрерменімен қауышуға асығып отыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы