429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Торғайдағы кесенелерді аралады

  • 200
  • UPD: 11:46, 01.09.2020
«Бабалар ізімен» экспедициясы Торғайдағы кесенелерді аралады

«Бабалар ізімен» экспедициясы Торғай даласында. Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, ата-баба тарихын түгендеумен айналысып жүрген зерттеуші ғылыми экспедицисы бұл жолы туған жерге бет бұрды. Торғай өңіріндегі бірнеше тарихи-мәдени нысанды аралап, олардың жағдайын көзбен көріп қайты. 

Қазаққа тиесілі жердің бәрі киелі. Десек те, елдегі сапардың Торғайдан басталуы тегін емес. Мұнда да өзге аймақтардағыдай бірталай кітапқа жүк болуға жарайтындай тарихи-мәдени нысандар өте көп. Олардың арасында әлі де зерттеуді қажет ететіндері аз емес. Солардың бірі Айғожа және Байғожа билерге арналып салынған кесенелер. Екеуінің де биіктігі шамамен 8 метр. Бұл экспедиция мүшелері ат басын бұрған алғашқы нысан. Ел ішінде «қос там» аталып кеткен ғимараттарға қатысты әзірге нақты дерек көп емес.

Асхат Қасенов, облыстық дала өлкесі тарихы музейінің директоры:

- Қыпшақ тайпасынан шыққан. Сол уақытта үлкен би болған кісілер. Сол уақытта үлкен бір әулетті басқарған, дүниеден өткеннен кейін Жаңақала, Қараторғай өзенінің бойында жерленген. Қолдағы деректер бойынша бұл кісілер 18-ші ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. 

Торғай өңірінде ұзын-саны 15-тен астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік қорғауға алынған. Мәселен, Әбдіғаппар Жанбосынұлының кесенесі жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне енгізілді. Ал аталған тұлғаның 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте көшбасшылардың бірі болғанын көпшілік біле бермейді. 

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Ол кісі уақытында хан деп атамаған өзін. Сұлтан деп атаған. Өйткені хан болу үшін Шыңғыс ханның тұқымы болуың керек. 1916 жылы Торғай өңірінде үлкен ұлт-азаттық көтеріліс болды патшаның империялық саясатына байланысты.  Сол кезде бұл кісінің беделі авторитеті сондай жоғары болған – 50 мыңға дейін сарбаз жинаған. Бірінші алған қалалары – Торғай қаласы, Торғай уезінің орталығы. 

Экспедиция мүшелерінің айтуынша, оның есімі Амангелді Иманов және Кейкі батырмен қатар аталуы тиіс. Көтеріліс көшбасшыларының бірі Әбдіғаппар Жанбосынұлы 1919 жылы қызыл әскердің қолынан қаза тапты деген дерек бар. Ал бұл кесенені ұрпақтары 2010 жылы көтеріпті. Бұдан соң, Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы күрескен тағы бір қолбасшы – Жәуке батырдың басына аттандық.  Ол Кенесары ханмен бірге Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Сондай-ақ Жәуке Назарғұлұлының есімі белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың зерттеулерінде және жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында кездеседі. Жалпы, оның батырлығы жөнінде аңыз-әңгіме өте көп. 

Дулат Бейсенов, Екідің ауылының әкімі:

- Бұл кісі 19-ғасырда Кенесары ханның бас батырларының бірі болған. Кенесары Жәуке батырды сынамақ болып, Наурызбайды, барлығын ертіп алып, қамыстың арасына бір адамды тығып қояды. Сонда садағын кезеп тұрған адамға Жәуке «мені атасың, артыңдағыны не істейсің» депті. Садақ кезенген адам артына қарағанда барып, шауып түскен деседі.

1994 жылы Сарыторғай ауылында ұрпақтары батырдың 175 жылдығын атап өтті. Қазіргі кесене сол жылы салыныпты. Бұл нысан да жалпыұлттық мыңызы бар қасиетті нысандардың бірі. Жәукенің рухына тағзым еткен соң, экспедиция Шоң бидің кесенесіне жол тартты.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Біз бүгінгі репортажымызда облыстық не болмаса республикалық деңгейде қорғауға алынған нысандар туралы айттық. Ал Шоң бидің мына кесенесі бұл тізімдердің ешқайсысына енгізілмепті. Оны ғимараттың сыртқы қалпынан-ақ байқауға болады. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, шын мәнінде ел ішіндегі бидің абырой-беделі біз бүгін айтқан тұлғалардың ешқайсысынан кем болмаған көрінеді. 

Жалпы қазақта екі Шоң болған деседі. Соның бірі осы Сарыторғай өзенінің бойында жерленген. 17 жасында төрелік айтып үйренген Шоң өмірінің соңына дейін «би» атағынан айырылмапты. Енді жергілікті тұрғындар іргесі сөгілген ғимаратты мемлекет өз қарауына алса дейді. 

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Ең бастысы, бұл кесенені облыстық деңгейде сакральный орындардың тізіміне енгізу керек. Содан кейін барып реставрация, жөндеу туралы айтуға болады. Тек бұл кесенеге ғана емес, бүкіл Қазақстан территориясында жатқан бабаларымызға көңіл аудару керек. 

Бүгін біз айтқан нысандардан бөлек «Бабалар ізімен» экспедициясы Торғай даласында тағы бірнеше кесенеге барды. Оларға келесі репортажда кеңірек тоқталамыз.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы