420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі жұмысын бастады

  • 124
  • UPD: 17:23, 02.09.2020
Түркістандағы Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі жұмысын бастады

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі өз жұмысын бастады. Карантинге байланысты наурыздан бері кесененің есігі жабық болды. Бұған дейін келушілер тарихи ескерткіштің сыртынан қарап, суретке түсіп қайтатын. Енді зиярат етушілер мен туристерге барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып қызмет көрсетеді.

Келушілер міндетті түрде маска тағуы тиіс. Ішке кезекпен кіргізіледі. Сыртта да, кесененің ішінде де арнайы күту залдары жасақталған. Бүгін бірінші күн болса да кесенеге келушілердің қарасы қалың. Арасында Түркістанға басқа өңірлерден қыдырып келген меймандар да бар.

Айта кетейік, соңғы үш жыл бойы Қожа Ахмет Яcсауи кесенесінің күмбезіне тарихи келбетін сақтай отырып жаңарту жұмыстары жүргізілді. Кесененің желдеткіш қабаттары реттеліп, күмбез етегіндегі сегіз қырлы қосындыға гидрооқшаулау жұмыстары істелді. Сондай-ақ қорық-музейдің аумағындағы тарихи орындар қайта қалпына келтіріліп, кесене алдына туристер демалатын бау-бақшалы алаңқай салынуда. Қалпына келтіру жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде.

Ермек Маратұлы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мен бұл жерге бірнеше жыл бұрын келгенмін. Бірақ әр келген сайын бойымды әртүрлі сезім билейді. Өзімді көне дәуірге өтіп кеткендей түсініксіз сезімде боламын. Бай тарихымызды кітаптан оқып білсек, мұнда соны көзбен көресің. Сол үшін маған бұл кесене, осы жердегі әсерлер қатты ұнайды.

Мұрат Тастанбеков, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының орынбасары:

- Кесененің қай уақытта ашылатыны туралы үнемі қоңыраулар түсіп жатты. Сұрақтар болды. Былтырғы 2019 жылы 1 млн 148 мың адам келген болса, 2020 жылдың 15 наурызына дейін келген адамдардың саны 85 мың 940 адам болған екен. Алағы уақытта келушілердің саны артаы деген үміттеміз.

Хабар 24 телеарнасы