426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зияратшылар асыға күткен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің есігі айқара ашылды

  • 235
  • UPD: 23:14, 02.09.2020

Түркістандағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі өз жұмысын бастады. Карантинге байланысты наурыздан бері кесененің есігі жабық тұрды. Енді зиярат етушілер мен туристерге барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып қызмет көрсетеді. 2 жылдан бері кесененің күмбезіне жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыстары да аяқталды. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бүкіл әлемді жайлаған пандемияға байланысты соңғы 5 айдан бері кесене есігі де келушілер үшін жабық болды. Бұған дейін келген зияратшылар мен саяхатшылар тарихи нысанның сыртынан тәу етіп, естелікке суретке түсіп қайтатын. Енді міне алыстан келген меймандар мен қала қонақтары кесене ішін кедергісіз аралай алады. Бірақ барлық санитарлық талаптарды сақтауы керек. 

Келушілердің міндетті түрде бетперде тағуы тиіс. Ішке кезекпен кіргізіледі. Тарихи нысанның ішінде де, сыртында да арнайы күту залдары жасақталған. Бүгін бірінші күн болса да мұнда келген жұрттың қарасы қалың. Арасында Түркістанға басқа өңірлерден қыдырып келген қонақтар да бар.

Ермек Маратұлы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мен бұл жерге бірнеше жыл бұрын келгенмін. Бірақ әр келген сайын бойымды әртүрлі сезім билейді. Өзімді көне дәуірге өтіп кеткендей түсініксіз сезімде боламын. Бай тарихымызды кітаптан оқып білсек, мұнда соны көзбен көресің. Сол үшін маған бұл кесене, осы жердегі әсерлер қатты ұнайды. 

Мұрат Тастанбеков, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының орынбасары:

- Кесененің қай уақытта ашылатыны туралы үнемі қоңыраулар түсіп жатты. Сұрақтар болды. Былтырғы 2019 жылы 1 млн 148 мың адам келген болса, 2020 жылдың 15 наурызына дейін келген адамдардың саны 85 мың 940 адам болған екен. Алағы уақытта келушілердің саны артады деген үміттеміз.

Айта кетейік, соңғы 2 жыл бойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезіне тарихи келбетін сақтай отырып жаңарту жұмыстары жүргізілді. Кесененің желдеткіш қабаттары реттеліп, күмбез етегіндегі сегіз қырлы қосындыға гидрооқшаулау жұмыстары істелді. Құрылысқа қажетті кірпішті Түркістан қаласынан 40 шақырым жердегі Сауран топырағынан алып, мамандар шеберханада өздері құйған.

Жұмахан Нұрманов, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны түркістан филиалының директоры:

- Биылғы жұмысымыз енді күмбезді қайта қалпына келтіру. Қаптамалармен қаптау. Оған 45 мың қаптағыш кетеді. 811 шаршы метр. Соның жартысына өзінің бұрынғы жарайтын қыштарын қойдық. Жарамайтын жеріне өзіміз қыш дайындап шығардық. Сонымен биыл күмбезді қаптап біттік. Енді одан кейін шатырдың еденінде проблемалар бар. Іштен шыққан жылы ауа жоғарыға өтпей қалатын жерлері бар. Сол жерлерге желдеткіш каналдар жасадық. 

Сондай-ақ қорық-музейдің аумағындағы тарихи орындар қайта қалпына келтіріліп, кесене алдына туристер демалатын бау-бақшалы алаңқай салынып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы