421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда өнер көрсеткен қазақ қызы байқаудың келесі кезеңіне өтті

  • 367
  • UPD: 16:02, 05.09.2020

«Sing! China» музыкалық жобасында өнер көрсеткен Мадина Думанқызы тәлімгерлерді таңдай қақтырып, байқаудың келесі кезеңіне өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сиань қаласындағы музыка институтында оқитын қандасымыз болашақта қазақ жерінде өнер көрсетуді армандайды екен.

Қытайда «Sing! China» музыкалық жобасына қатысып жатқан қандасымыз Мәдина Думанқызы жарыстың алғашқы кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, келесі айналымға өтті. Бірнеше тілде ән салатын Мәдина бұл жол ханзуша шырқады. Жергілікті шығарманы нақышына келтіріп орындаған Мәдина Думанқызы қазылар алақасы тарапынан жоғары бағаланды. Көрермендер ықыласына бөленді. Аталған жоба Қытайдың «Чжэзяң» телеарнасынан көрсетіліп жатыр.

Мәдина Думанқызы, «Sing! China» байқауының қатысушысы:

- Сәлеметсіздер ме! Мен Мәдина Думанқызы боламын. Мен 2000 жылы 3 қаңтарда Шынжаң Тарбағатай ауданының Шәуешек деген әсем қаласында дүниенің есігін аштым. Жиырма жастамын. Әкем журналист, шешем оқытушы болады. Өзім Сиань музыка институтының ән факультетінде үшінші жылдығын оқимын.

Мадина туған өлкеде аты алысқа ұзаған әнші-домбырашылар көп. Тіпті Әсет Найманбаевтың шәкірттері де бұлбұл көмей әнші Әсеттің мектебін қалыптасырып, өлкедегі сан таланттың көзін ашты. Ендеше Мәдинаның алдымен домбыраны меңгеруі заңдылық. Дәстүрі әндерді ғана емес, қазіргі композиторлардың шығармасын да нақышына келтіріп орындайтын ол Қазақстанға, атамекенге бір рет келіп, өміріне жетерліктей рухани азық алды. Қазақ еліне енді бір оралып, концерт беруді армандайды.

Мәдина Думанқызы, «Sing! China» байқауының қатысушысы:

- 2017 жылы 17 жаста болатынмын. Дәм татып, Қазақстанда өткезілген «Шабыт» атты Халықаралық ән бәсекесіне қатынасып, «Үздік әнші» деген атағына ие болдым. Қазақстан мәдениетті елдерінің бірі. Әсіресе, көркемөнер саласы ерекше дамыған. Онда талай әлемге әйгілі өнер жұлдыздары бар. Мәселен, Димаш ағамыз еліміздегі ән байқауына қатынасып, үздік нәтиже жаратып, екі елдің достығын айтып, әлемге танылып отыр. Мен де сол ағаларым сияқты Қазақ еліне барып, екі елдің көркемөнер жағындағы қарым-қатынасын нығайтуға өз үлесімді қоссам деймін.

Мадина Думанқызының қазір нағыз бабына келген шағы. Байқауға қатысып, нағыз қарбаласта жүр. Келесі кезеңге дайындық көру де оңай емес. Түрлі түсірілімдер, кездесулер. Қолы қалт еткенде жаңа репертуар таңдайды. Ән бәйгесінде де Мәдинаның маңдайы жарқырап шығар деген сенімдеміз.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Әйгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы