424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Торғай өңірінде

  • 116
  • UPD: 19:18, 12.09.2020

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы елдегі зерттеу жұмыстарын жалғастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Торғай даласындағы тарихи нысандарды түгендеп болған соң экспедиция мүшелері Қарағанды өңіріне аттанды. Онда олар жиі кездесе бермейтін ерекше жерлеу рәсімін көрді.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Торғайдағы тарихи кесенелердің бір шоғыры Аманкелді ауданына қарасты Екідің ауылына жақын орналасқан. Солардың бірі Екідің обасы деп аталады. Жаугершілік заманда, нақтырақ айтсақ, XIII-XIV ғасырларда салынды деген дерек бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыстың негізгі мақсаты – жау келе жатқанда түтін салып, белгі беру болған.

Дулат Бейсенов, Екідің ауылының әкімі:

- Қазақ энциклопедиясына кіргеннен кейін Үкіметтің қарауында. «Қазреставрация» деген ұйым бар Алматыда, олар келіп, 3-4 жылда жөндеу жұмыстарына жүргізеді. Былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауыл әкімі «жақын маңайда тағы 20-ға жуық тарихи нысан бар», дейді. Алайда, оның төртеуі ғана облыстық, не болмаса, республикалық деңгейде қорғауға алынған. Соның бірі ел ішінде «Қыз тамы» деген атаумен белгілі. Экспедиция мүшелері Екідің обасынан кейін осы нысанға жол тартты. Бізге жеткен аңыздардың бірі бойынша Алыс деген байдың ұзатылғалы отырған Бәтима есімді қызы кенеттен сырқаттанып көз жұмады. Алайда, өзара серттескен қос құда ортадағы келісімді бұзғысы келмейді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Қоңырқұлжа барып айтады: «енді біз құдалығымыздан айырылмайық, екінші қызыңа құда түсейін» дейді. Қазына келісім береді. «Бірақ менің бір шартым бар» дейді. Бірінші шарты – «менің әпкем Бәтима қайтыс болды, соған арнап есте қалатындай үлкен там саласыңдар» дейді. «Екіншісі – менің тойым осы екі тайпаның басын қосып, үлкен тойға айналу керек», дейді.

Осылайша, қос рудың татулығы жолында өзін құрбан еткен Қазына мен оның әпкесі Бәтима жайлы оқиға аңызға айналды. Ал кесене ел ішіне «Қыз тамы» деген атаумен тарап, бүгінде тарихи-мәдени нысандардың тізімін толықтырды. «Бабалар ізімен» экспедициясы ат басын бұрған келесі нысан – Лақ батыр кесенесі. XVIII өмір сүрген оның батырлығы жөнінде аңыз-әңгіме өте көп.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Жоңғарлармен соғысқан уақытта қолды бастап барған Лақ батыр көрінеді. Соғыстың қызған уақытында аяғынан жараланып, бұл кісі жерге құлаған. Сонда сүйегі сынып, аяғы бос қалған. Аңыз бойынша ол өз аяғын кесіп жіберген. Соны көрген жоңғардың қол бастаған әскер басшысы батырдың ерлігіне, шыдамдылығына таң қалғаны соншама, «екеуіміз дос болайық» деп қол алысқан.

Бізге жеткен аңыз бойынша Лақ Терісаққан өзенінің бойындағы төбеде жерленген көрінеді. Бір қызығы, дәл осы батырдың аяғы бөлек көмілген деген дерек те бар. Ел «Алыптың моласы» атап кеткен жер Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданында орналасқан.

Кенжалы Балкен, Тарихи-өндірістік музей директоры (Жезқазған):

- Жекпе-жекке Лақ батыр шығыпты. Сонда жаудың, жоңғардың найзасы уланған, тізесіне тиіп кеткен. Содан ол ушығып, аяғынан айырылған екен. «Сол аяғын кесіп, осы Терісбұтақтың бойында, «Алыптың моласы» деген жерге жерленді», дейді.

Осылайша, экспедицияның Торғай өңірінде басталған сапары енді Қарағанды облысында жалғасады. Ендігі бағыт – қобызшы Қойлыбай әулие кесенесі мен ерекше жерлеу рәсімімен танылған Мақат саханасы.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы